Аида Балаева жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесті

Аида Балаева жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесті

Ағымдағы жылдың 26 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жоғары оқу орындарының өкілдерімен онлайн-форматта «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында кездесу өткізді.

Кездесуге журналистерді, режиссерлерді, операторларды және саланың басқа да мамандарын оқытатын 20 отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысты.

Кездесуге қатысушылар жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында сала мамандарын даярлау бағытындағы өзекті мәселелерді, атап айтқанда, «Журналистика» мамандығы студенттерінің талдамалық және практикалық дағдыларын дамыту, медиа нарықты телерадио хабарларын тарату саласындағы мамандармен қамтамасыз ету және басқа да мәселелерді талқылады.

Министр журналистердің даярлық деңгейіне, сондай-ақ «Журналистика» мамандығы түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне алаңдаушылық білдірді.

Бұл ретте Министрлік студенттердің практикалық дағдыларын дамыту үшін мемлекеттік БАҚ-та тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға көмектесуге дайын екендігін атап өтті.

Бұдан басқа, Аида Балаева Министрліктің медиа саласы мамандарын даярлау деңгейін арттыру бойынша ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді жоспарларымен бөлісті.

Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспары шеңберінде Министрлік білім беру бағдарламаларын жетілдіру, зерттеу журналистикасын дамыту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді, сондай-ақ жыл сайын отандық жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Үміт» шығармашылық конкурсын өткізуді жоспарлап отыр.

Білім беруді жүйелеу, сондай-ақ оның деңгейі мен тиімділігін арттыру мақсатында Министрлік медиа саласы мамандарын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша арнайы жоба әзірледі.

А.Балаева халықтың медиалық және ақпараттық сауаттылығын дамыту қажеттілігіне жеке назар аударды.

«Медиа сауаттылықты оқыту көптеген дамыған елдерде, мысалы Швеция, Финляндияда үлкен басымдыққа ие. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы жалған ақпараттың көп таралуына, кибербуллинг пен ақпараттық шабуылдардың дамуына алып келді», - деп атап өтті ол.

Осыған орай, Министр жоғары оқу орындарына «Медиа және ақпараттық сауаттылық» пәнін енгізуді ұсынды.

Кездесу соңында Аида Балаева қатысушыларға алғысын білдіріп, одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін білдірді.