
2018 жылғы 26-29 маусым аралығында Өзбекстан Республикасы Ташкент және Самарқанд қалаларында «Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақты даму үрдісіне қатысуы» тақырыбындағы Орталық Азия жастар форумы өтті.
Форум әлеуметтік-маңызды жобалар мен бағдарламаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында өткізілді.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан Республикаларының, Ресей Федерациясының қоғамдық жастар ұйымдарының өкілдері, жас көшбасшылар, үкіметтік емес сектор өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасынан делегация құрамына Жастар саясаты департаменті директорының орынбасары Л. Раисова, «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Д. Сүндетбаев, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастығының төрайымы Л. Демисинова, сондай-ақ, «Жас Отан» Жастар қанатының қызметкерлері мен белсенділері кірді.
Форум аясында Орталық Азиядағы білім және ғылым, жастар кәсіпкерлігін, мәдениет және гуманитарлық ынтымақтастықты, жастар туризмін дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында Қазақстан жастырының атынан Орталық Азия елдерінің жастарына үдеу айтылып, ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар бастамалар ұсынылды.
«Біз Сіздерді келесі жылы Қазақстанда жаңа құрылған Түркістан облысында өтетін Орталық Азия жастарының форумына шақырамыз. Орталық Азия елдерінің жастар кеңесін құру бастамасын және осы алаңды 2019 жылы Нью-Йорк қаласындағы ЭКОСОС Халықаралық жастар форумында ұсынуды қолдауға үндеу жасаймыз», - деп айтылды.
Орталық Азия елдерінің жастар кеңесін құру туралы ұсынысты оның алдында вице-министр А. Нүкенов ЕҚЫҰ эгидасы бойынша «Күштеу экстремизмге және терроризмге әкелетін радикализацияны алдын алудағы және оған қарсы іс-қимылдағы жастардың рөлі туралы» халықаралық конференциясында айтып өткен болатын (Ташкент қ.).
Сонымен қоса, қазақстандық делегация Форум қатысушыларын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуымен таныстырды.
Форумда сондай-ақ, Орталық Азия өңірінің 2019-2021 жылдарға арналған жастар ұйымдары ынтымақтастығы бағдарламасының және Орталық Азия жастар форумының Ташкенттік декларациясының жобалары талқыланды.