Астанада азаматтық қоғам институттарының елорданың дамуына қосқан үлесі талқыланды

Астанада азаматтық қоғам институттарының елорданың дамуына қосқан үлесі талқыланды

2 шілде күні Ұлттық Академиялық кітапханада Астананың 20 жылдығына арналған «Астана қаласының дамуына азаматтық қоғамның қосқан үлесі» тақырыбында Сарапшылық топтың отырысы болып өтті. Іс шараны ҚР Қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырды.

Отырысқа мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Абзал Нүкенов өз сөзінде  Астананың нәтижелі дамуына үкіметтік емес сектордың қосқан рөлі туралы айтты.

«Астананың осы жиырма жыл ішінде ел үшін атқарған міндеттері, шүкір, жетерлік. Мен осылардың арасынан Астананың Қазақстан жұртын үлкен жолға жұмылдырған, биік мақсат қойып, оны ақиқатқа айналдырған құдіретін бөлек атар едім. Бүгінде елордалық үкіметтік емес ұйымдар еліміз бойынша  ең белсенділер қатарында. ҮЕҰ-мен мемлекеттің өзара серіктестігі ұдайы жетілу үстінде. Астанада қоғам үшін маңызды шешімдер қабылданатын ескерсек, мұнда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қызметі ерекше. Біз сіздердің әрқайсыларыңызға сүбелі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз», - деді А.Нүкенов. 

Қатысушылар 20 жылдың ішінде Астананың айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті. Бұған азаматтық қоғамның қосқан үлесі де бар. Азаматтық қоғам өкілдері тұрғындардың әлсіз топтарын әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, денсаулық, спорт, ғылым, білім, экология, жұмысқа орналастыру және т.б. сияқты маңызды салаларға зор үлестерін қосты.  

Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы, сондай-ақ Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында азаматтық сектордың белсенділік танытуымен Астананың инфрақұрылымын жетілдіру мен қаланы абаттандыру бойынша жобалар іске асырылуда.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа жобаларды іске асыру бойынша  жоспарларын  және  идеяларын ортаға салып, одан әрі өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.