
Вице-министр Абзал Нүкенов осы күндері Париж қаласында (Франция) өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесінің пленарлық отырысына қатысты. Онда Қазақстанның аралық есебін тыңдалды.
Отырыстың негізгі мақсаты – сыбайлас-жемқорлыққа қарсы Стамбулдық іс-қимыл жоспарын талдаудың 4-ші кезеңі аясында Армения, Қырғызстан және Украинаның талдау есебін, сонымен қоса Әзірбайжан, Қазақстан, Грузия, Монғолия, Тәжікстан, Украина және Өзбекстан бойынша аралық есептерді талқылау және бекіту.
Вице-министр Абзал Нүкенов өз сөзінде қоғамдық кеңестерді жетілдіру бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Ол қоғамдық кеңестер жөніндегі заң жобасы тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, ҚР Әділет министрлігіне енгізілгенін атады. Өзгерістер қоғамдық кеңес мүшелерін қалыптастыру, ротациялау, өкілеттіктерін тоқтату механизмдері және кеңес қызметін қаржылай, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестерге мемлекеттік органдардың қатысуын 10 пайызға дейін қысқарту ұсынылуда.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестерге қатысуы мүшелерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен аспауы тиіс.
ЭЫДҰ сарапшылары өз кезегінде, Қазақстанда қоғамдық кеңестерді жетілдіру бойынша қабылданып жатқан іс-шараларға оң баға берді.
Айта кетейік, ЭЫДҰ форумы шеңберінде түрлі ел үкіметтері әр саладағы өзінің саясатының тиімділігін салыстырып, тәжірибе алмасып, жаңа талаптардың ескерілуімен таңдаулы тәжірибелерді анықтайды және өз мемлекеттерінің азаматтарына қалыпты жағдай жасау үшін үздік саясатпен қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер мен ұсынымдарды қабылдауды қолдайды.