
Ағымдағы жылғы 13 тамызда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы бойынша брифинг өткізілді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысын және негізгі нәтижелерін айтып өтті.
Бүгінгі таңда Бағдарламаны басқару бойынша жергілікті атқарушы органдар және өңірлік жобалық кеңселермен жұмыс жандандырылды, талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды.
Бағдарламаның жүйеленген негізгі 3 бағыты бекітілді: «тұлғалық даму», «ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру», «мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы».
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Бағдарлама аясында 228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет объектілері, 36 спорт алаңдары, 31 балалар алаңдары және т.б.
Сондай-ақ, 129 нысан реконструкцияланды. Оның ішінде 28 мектеп, 5 балабақша, 13 мәдениет объектілері, 14 спорт алаңдары, 68 аз қамтылған отбасыларға арналған үйлер, пәтерлер, 1 медициналық мекеме, 5 балалар алаңдары және т.б.
Бағдарлама аясында қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалану мен бөлуді көздейтін прагматикалық өмір салтын қазақстандықтардың құндылық бағдарлары жүйесіне енгізу үшін «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы әзірленді. Жоба аясында жастар арасында жоғары талғамды қалыптастыру, мінез-құлық нормаларын дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты іс-шараларды жүзеге асыру қолға алынады.
Сонымен қатар, ұмыт болған, бірақ ізгілік және тәрбие құндылығы тұрғысынан қазіргі заманда өзекті болып отырған дәстүрді қайта жандандыруға бағытталған «Дәстүр мен ғұрып» жобасы іске қосылады.
Ағымдағы жылы іске қосылатын жаңа жобалардың бірі – «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы. Бағдарламаның басты қағидаттарының бірі – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешені ұйымдастырылатын болады.
Осыған қоса, Бағдарлама аясында ұсынылған «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасы шеңберінде өскелең ұрпақ үшін рөлдік модель болатын қажырлы еңбектің арқасында өз кәсіби саласында табысқа жеткен адамдардың өмірі мен қызметі кеңінен насихатталып, барлық жастағылар үшін кәсіптік бағдар беру жұмысы күшейтілетін болады.
Брифинг барысында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Бағдарламаның «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде соңғы үш жылда қазақ тіліне аударылған 77 оқулық еліміздің 132 жоғары оқу орнының білім беру процесіне енгізілгенін атап өтті.
Талқылауды қорытындылай келе, Бағдарламаны іске асырудың оң нәтижелерін, тиімділігін және жаңа серпінін байқауға болады.