
Қазақстандағы азаматтық сектор отбасы және гендерлік саясатты жүзеге асырудағы негізгі әріптес саналады. Бұл туралы Орал қаласында өткен «Гендерлік саясатты іске асыруда мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы. Аймақтық ынтымақтастық тәжірибесі» атты халықаралық конференцияда Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова хабарлады.
Конференцияда қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуында әйелдер қауымының рөлі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асырудағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттестігі сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы құрылымдардың, бизнес-қауымдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Ресейдің Орынбор, Самара, Саратов облыстарынан келген делегаттар қатысты.
Әлия Ғалымова жиында сөз сөйлеп, азаматтық сектор отбасы және гендерлік саясатты жүзеге асырудағы негізгі әріптес саналатынын айтты.

«2017 жылдың мәліметтері бойынша мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының ықпалдастығын оң бағалаған тұрғындардың үлесі 61,3 пайызды құрады. Социологиялық зерттеулер нәтижесі мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланыс деңгейі артып келе жатқанын көрсетеді. Азаматтық қоғамның белсенді құрылымы – үкіметтік емес ұйымдар. Қазақстанда тұрақты жұмыс жасайтын 14315 үкіметтік емес ұйымның ішінде 500-і әйелдер қоғамдық бірлестігі саналады», - деді Ә. Ғалымова.
Спикер өз сөзінде әйелдер көшбасшылығын дамытуда, бизнес дағдылар мен біліктілік көтеруде, әсіресе ауылды аймақтарда кемшіліктер бар екенін атады. Мұны сарапшыларда айтып отыр. Сонымен қатар, гендерлік саясат пен тұрмыстық күш көрсетудің алдын алу бойынша әлеуметтік жобалар саны азайғаны байқалады.
Мысалы, егер соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш әлеуметтік жобалардың жалпы санының 5% (барлығы - 302 жоба: 2015 ж. - 90, 2016 ж.- 88, 2017 ж. - 124) деңгейінде болса, ал ағымдағы жылы тек 3,9% -ды (90 жоба) құрады.
Комитет төрайымы гендерлік теңдіктің дамуына зерттеу жүргізуді және гендерлікті насихаттаудың институционалдық тетігін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, аталған институттар гендерлік теңдік мәселелерін дамыту және балалар мен әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын-алудың нақты механизмдерін, атап айтқанда өңірдегі анықталған мәселелерді зерделеу, талқылау, білім мен тәжірибе алмасу және т.б. шараларды енгізуі тиіс.
Ә. Ғалымова гендерлік саладағы ҮЕҰ жобаларының сапалық және сандық құрамын кеңейту саласында, оның ішінде уақытынан бұрын жүктілікке ұшыраудың алдын алуды ескерту, ауылдық жерлердегі әйелдерге қолдау көрсету, әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және т.б ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін барынша қолдануды маңызды деп санайды.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Ә. Ғалымова облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сондай-ақ аймақтағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қозғалды.
Бұдан бөлек, Ә. Ғалымова жұмыс сапары барысында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының өңірдегі жобалық кеңсесінің қызметімен, сондай-ақ жоспарланған және іске асырылып жатқан жобалармен танысты.