Қазақстанда республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтуде

Қазақстанда республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтуде

Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында Елорданың 20 жылдығына арналған төртінші республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтуде.  

Жиынның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері және жастар ұйымдарының лидерлері қатысты.

 

Ашылу рәсімінде жас патриоттарға базалық ауданда заңсыз қарулы құралымды оқшаулау және жою бойынша арнайы операция жүргізген ҚР Қарулы Күштері бөлімшелерінің көрсетпелі көрсетілімдері паш етілді.

 Сондай-ақ Елорданың 20 жылдығына орайластырылған мерекелік концерт және флешмоб өтті. Биылғы жылы іс-шараға 600-ден аса қатысушы қатысады. Олардың қатарында әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, еліміздің барлық өңірлеріндегі облыстық (қалалық) әскери-патриоттық жиындардың жеңімпаздары, «Жас ұлан» республикалық мектептері мен облыстық әскери мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері.

Осы жылдың ерекшелігі Қарулы Күштері, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдері мен мекемелері жанында құрылған әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерінің қатысуы.

 

Биылғы жылы жиынның бағдарламасына қатысушылардың «Ұлы дала әскері – «Мәңгілік Ел» тірегі!» Қарулы Күштер түрлерінің өкілдерімен кездесуі, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша «Менің роботым» байқауы, «Айбын жалыны» алауының маңындағы қызыққа толы кеш, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпаздарымен кездесу, сондай-ақ «Айбын дауысы» мега арт-фестивалі енгізілді. Спорттың әскери-қолданбалы түрлері мен жауынгерлік даярлық пәндері бойынша көптеген әскери-қолданбалы сайыстар бағдарламада ерекше орынға ие болып отыр.

Сонымен қатар жиын шеңберінде «Айбын достық мекені» саяжолының ашылуы өтеді. Іс-шара барысында қатысушылар армиялық дағдылы жұмыс күндеріне дайындық мектебінен өтетінін, қазақстандық армияның әскери техникасы мен қару-жарағының заманауи үлгілерін тамашалап, өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін сынап көретінін, сондай-ақ жаңа достар мен ниеттес адамдар табатынын айта кеткен жөн. 

«Айбын-2018» жастар жиыны ағымдағы жылғы 21 шілдеге дейін жалғасады.