
20 шілде күні Семей қаласында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған «Мемлекеттік органдармен әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы өзара іс-қимыл» тақырыбында тренинг өткізілді. Аталған тренингті «ЗУБР» әлеуметтік корпоративтік қоры ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты әлеуметтік жобаларды іске асыруда, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы бойынша білім мен дағдылардың деңгейін арттыру болып табылады.
«Жоба аясында осы өңірдің ҮЕҰ үшін бірқатар семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ұйымдардың әлеуетін арттырып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік капиталды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл бірлескен әлеуметтік бастамалар мен жаңа идеялардың пайда болуы үшін тиімді платформа ретінде қызмет етеді», - деп атап өтті «ЗУБР» әлеуметтік корпоративтік қорының директоры Виталий Кулик.
Тренинг аясында тиімді өзара іс-қимылдың негізгі принциптері мен шарттары, өзара іс-қимылдың үлгілері мен түрлері, ынтымақтастық және серіктестік, үкімет пен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың логикалық құрылымы, әлеуметтік маңызы бар мәселелерге назар аударту мақсатындағы өзара іс-қимыл формалары/ механизмдері сияқты мәселелер бойынша теоретикалық бөлімдер мен белсенді практикалық жаттығулар ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, аталған шара Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ мемлекеттік гранты бойынша «Шығыс Қазақстан облысында «бір терезе» принципі бойынша үкіметтік ұйымдарды қолдауға арналған азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» жобасының аясында өткізілуде.