Жастар ұйымдарын «100 жаңа есім» жобасына белсенді қатысуға шақырды

Жастар ұйымдарын «100 жаңа есім» жобасына белсенді қатысуға шақырды

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі жастар ұйымдарын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына белсенді қатысуға шақыруда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталды.  Аталған жоба аясында өздерінің қажырлы еңбегі мен білімі және таланты арқылы табысқа қол жеткізіп, ел дамуына үлес қосқан адамдардың өмір жолы қоғамға насихатталады.

Жобаның мақсаты тәуелсіздік жылдарында ел дамуына елеулі үлес қосқан  қазақстандықтардың нақты оқиғаларының мысалы негізінде табыс, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білім саласындағы идеяларын көпшілікке таныту болып табылады.  

Биылғы жылы әртүрлі салалар мен қызмет бағыттарының өкілдерін жобаға қатысу үшін ауқымды түрде қамтамасыз ету мақсатында жобаның жаңа үміткерлерін іріктеу институционалдық қағида негізінде жүргізіледі.  Сондықтан жобаға қатысу үшін үміткерлер әр түрлі салалық бірлестіктерден, қоғамдық ұйымдардан және мекемелерден ұсынылатын болады.

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов жастар ұйымдарының басшыларына  жеке және кәсіби жетістіктерге жеткен  жастардың кандидатураларын жобаға ұсынуға шақырды.

«Қазақстанда кәсіби қызметте жоғары нәтижелер мен  жетістіктерге жеткен, еліміздің оң имиджін ілгерілетуге үлес қосып келе жатқан  көптеген жастар бар. Біз заманауи Қазақстанды өз жұмысымен және талантымен қалыптастыруға ұмтылушы тұлғаларды қоғамға көрсетуіміз керек. Сондықтан барлық жастар ұйымдарының көшбасшыларына жобаға табысқа қол жеткізген жастардың кандидатулаларын ұсынуға шақырамын», - деді А.Оралов.

 Естеріңізге  сала кетейік, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысу үшін өтінімдерді 2018 жылдың 10 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қабылдайды.  El.kz порталында онлайн дауыс беру арқылы қазақстандықтар «100 жаңа есім» жобасының ең лайықты қатысушыларын таңдайтын болады.