
«Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 21 шілдедегі № 444 қаулысымен ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Ережесі бекітілді.
Мемлекеттік органның Ережесіне сәйкес ҚР Қоғамдық даму министрлігі мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, медиация, ішкі саяси тұрақтылықты, конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз ету салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
Қоғамдық даму министрлігінің құрамында 3 ведомство бар. Атап айтқанда, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті; ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті; ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті.
Министрлік сындарлы мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды қалыптастыру, тұрақтылықты нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының әріптестігінің тиімді жүйесін дамыту, мемлекеттік жастар және отбасы саясатын тұжырымдау және тиімді іске асыру бойынша жұмысты жүргізеді.