
Лисаковск қаласында Қостанай облысы Қоғамдық кеңестерінің бірінші съезі өтті. Шараға ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова қатысты.
Съезд барысында Әлия Ғалымова Қоғамдық кеңестердің өңірлік деңгейде қолдауға ие екенін, ондағы әлеуметтік-маңызды шешімдерді қабылдауда біршама ықпал ететінін атады.
Қоғамдық кеңестер заңнамада белгіленген құзыреттерін толық пайдаланып отырмағаны айтылды.
Комитет басшысы сарапшылармен ұдайы көтеріліп жүрген және шешімді қажет ететін бірнеше сұрақтардың бар екенін айтты.
Бірінші. Қоғамдық кеңестердің құрамы мәселесі. Бұл олардың қызметінің тиімділігіне әсер етеді. Қатысушылардың белсенділік деңгейінің төмендігі кеңестердің халықпен өзара іс-қимылын тежейді. Мысалы, ЭДЫҰ сарапшылары әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стамбул жоспарында қоғамдық кеңестердің шынайы талқылау жүргізу үшін кадрлық және сарапшылық әлеуеті жоқтығы айтылады. Сарапшылар нормативтік құжаттарды келісу формальды өтетінін айтып отыр.

Сондай-ақ, кеңестер құрамын талдауда әртүрлі сала мен категория бойынша теңсіздік байқалады. Атап айтқанда, сарапшылар жастардың аздығын атайды, ол 5,5 пайызды ғана құрайды.
Кеңестердің гендерлік құрамы бойынша әйелдер 32 пайызды құрайды. Жас құрамына қарай кеңестерде орта жастағы (30-59 жас) азаматтардың көптігі аталады (67%).
Екінші. Нақты ротация механизмдерінің жоқтығы, сайлау барысында конкурстық процедураның ашықтығы мәселесі. Бұлар қоғамдық кеңестердің сапалық құрамына және оның тиімділігіне әсер етеді.
Үшінші. Жеткілікті қаржыландыру болмаған жағдайда, кеңестер алдында тұрған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда мәселе туындайтыны туралы пікір айтылады.
Төртінші. Қоғамдық кеңестер мүшелерінің пікірінше, көптеген нормативтік құқықтық актілерді қарау кезінде Кеңестердің жұмыс ауқымы арта түседі.
Бұл ретте, нормативтік-құқықтық актілердің мазмұнына жіті мән беріп, нақты жұмыс істеу үшін арнайы білім мен біліктілік қажет.
Бесінші. Кеңестердің қызметі туралы ақпараттық қолдаудың жеткіліксіздігі, соның ішінде әсіресе жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңестер құрамына конкурстық іріктеу үрдісін өткізуде ақпараттық жариялаудың төмендігі байқалады.
Сондай-ақ, Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова қазіргі уақытта Министрлік қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бағытындағы арнайы заң жобасының тұжырымдамасын әзірлегенін айтты. Тұжырымдама аясында қоғамдық кеңестердің құрамындағы мемлекеттік органдардың өкілдерін азайту, қоғамдық кеңестерді қалыптастыру механизмін жетілдіру, қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіліктерін тоқтату және ротациялау, кеңестерді қаржыландыру мәселесін шешу, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы жыл сайынғы ұлттық кешенді баяндаманы дайындау сияқты ұтымды жүйелер ұсынылды.
Бұдан бөлек, тәжірибе алмасуға және қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу, сондай-ақ қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың одан әрі ынтымақтасу тетіктері мен бағыттарын айқындау бағытында министрлік қоғамдық кеңестер Мәжілісін екі жылда бір рет өткізуді ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, Министрлік Республикалық қоғамдық кеңестердің бірінші Мәжілісін өткен жылы қараша айында өткізген болатын. Іс-шараға, еліміздегі барлық 229 қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, мемлекеттік органдардың басшылары, жалпы алғанда 500-ге жуық делегат қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша нақты ұсынымдар қамтылған қарар қабылданған болатын. Сондай-ақ, түрлі деңгейдегі кеңестердің, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізілген «Қоғамдық кеңес туралы» үлгілік ережеге өзгертулер енгізілетін болады.
Мәжілістің ұсынымдарын жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы күзде Батыс Қазақстан облысында қоғамдық кеңестердің дамуы мәселесі бюойынша Республикалық конференция өтеді.