
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ-мен бірлесіп Ақтау қаласында «SARAP» эксперттік клубының «Энергетикалық саясат және азаматтық жауапкершіліктің қоғамдық санадағы көрінісі» тақырыбындағы өңірлік отырысын өткізді.
Талқылаудың негізгі тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы болды. Жиынға қатысушылар Жолдауда айтылған негізгі мәселелер, соның ішінде азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуы, АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдумға дайындықты талқылады.
Азаматтық белсенділік пен жауапкершілік мәселелеріне, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы энергетика саласының қазіргі жай-күйіне ерекше назар аударылды. Жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің өкілдері, атом энергетикасы саласының мамандары, белсенді жастар, азаматтық қоғам мен партия өкілдері, сондай-ақ Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшылары қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі