
Қазақстандық делегация Анкара қаласында өтіп жатқан Түркі кеңесінің жастар лагері аясында семинарға қатысуда.
Шараға Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан және Қазақстанның жастар саясаты саласындағы мемлекеттік орган өкілдері мен жастар ұйымдарының жетекшілері қатысып жатыр.
Қазақстандық делегация құрамында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар саясаты департаментінің қызметкері Ардақ Жүсіпова, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тохтар Болысов, «Болашақ» түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова бар.

Семинар-тренингтің мақсаты халықаралық жастар лагерін өткізу және ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу, Түркі мемлекеттері жастарының арасында мәдени сұхбатты қалыптастыру болып саналады.
Аталған жиын аясында жастар лагерлерін жоспарлау, ұйымдастыру және қызметін жүргізу бойынша семинар-тренингтер, Түрік Республикасы Жастар және спорт министрлігінің өкілдерімен кездесу, түрік жастар ұйымдарының қызметімен танысу шаралары өтуде.
Семинардың таныстырылымы аясында қазақстандық делегация шара қатысушыларын еліміздегі жастар саясатын жүзеге асыру барысымен, жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жұмыстармен таныстырды.
Түркі кеңесі жастар лагерінің семинары 2018 жылғы 1 тамызға дейін жалғасады.