
Ағымдағы жылдың 22 шілдесінде, Нұр-Сұлтан қаласында қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының жанынан құрылған этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар тобының алғашқы отырысы өтті. Сарапшылар тобының отырысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Әзілханов Марат Алмасұлы қатысты.
Вице-министр өз сөзінде этносаралық қатынастар – өте "нәзік" сала, сондықтан жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат барынша ойластырылған және тексерілген болуы, сондай-ақ ғылыми тәсілдері ескерілген болуы керектігін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде этносаралық салада мемлекеттік саясатты іске асырудың жаңа вертикалы қалыптасуда. Атап айтқанда, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін тиісті комитет құрылды.
Сондай-ақ, этника саласындағы мақсатты ғылыми-талдамалық жұмысты қамтамасыз ету және этникааралық шиеленістің алдын алу жүйесін қалыптастыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Институт этностардың әлеуметтік жай-күйі мен динамикасына, этносаралық саладағы ахуалға, қоғамдық-саяси процестерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді, болжамдарды анықтайды және проблемаларды шешу жөнінде тиімді ұсыныстар әзірлейді.
М.Әзілханов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үшін консультациялар өткізу және елдегі этносаралық үдерістерді басқару, осы саладағы проблемаларды шешу бойынша барынша қолайлы тәсілдерді бірлесіп әзірлеу үшін сараптамалық қауымдастықпен «кері байланыс» орнату өте маңызды екенін атап өтті.
«Этносаралық қатынастар: саясат және ғылым» ашық пікірталасы аясында сарапшылар этносаралық келісімді қамтамасыз ету тетіктері мен құралдарын жетілдіру бойынша өз пікірлерімен бөлісті.
Құқық қорғаушы Е.Жовтис этносаралық қатынастар саласында ғылыми тәсілді қолдану басты негіз болып табылатыны туралы пікір білдірді. «Диалогқа қатысушы және қабылданатын шешімдердің ойластырылуы мен негізділігін қамтамасыз ететін ғылым - бұл өте маңызды мәселе», - деді Е.Жовтис.
Саясаттанушы Б.Әбдіғалиұлы этносаралық салада әлі күнге дейін бірыңғай түсінікті аппарат қалыптаспағанына назар аударды. Оның пікірінше, бүгінде мемлекет толыққанды азаматтылықты, құндылықтар мен мәдениет жүйесін қалыптастырумен мақсатты түрде айналысуы тиіс.
Сараптамалық топ отырысының қорытындысы бойынша тұрақты негізде басталған жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды.