
Креативті индустрия және мәдени мұра қоры Қазақстан атынан Санкт-Петербургте өткен Халықаралық экономикалық форумы аясындағы креативті бизнес форумына қатысты.
Іс-шара барысында қазақстандық делегация Ресейдің Креативті индустриялар федерациясымен халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл әріптестік тәжірибе алмасу және екі ел кәсіпкерлерінің шығармашылық және іскерлік ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған. Аталмыш келісім халықаралық нарықтағы позицияны нығайтып, еуразиялық кеңістікте креативті экономиканың дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар ынтымақтастық креативті индустрия нарығын бірлесіп зерттеуге және негізгі салаларды дамыту үшін, стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеуге сеп болады. Осы ретте, еларалық білім беру және ағарту бастамаларын дамыту жоспарланған.
Креативті индустрия және мәдени мұра қоры білім беру, кеңес беру және зерттеу, сондай-ақ креативті индустрия саласы бойынша халықаралық деңгейде дамыту бағытында қызмет етеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда креативті индустрияны дамыту бойынша стратегиялық бастамаларды әзірлеу мақсатында аталған қормен тығыз байланыста жұмыс істейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі