Ақмола облысында жастардың білім лагері ашылды

Ақмола облысында жастардың білім лагері ашылды

Ақмола облысындағы Зеренді демалыс аймағында республикалық жастар білім лагері ашылды. Шараға жастар ұйымдарының басшылары, кәсіпкерлер және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары, барлығы 300 адам қатысуда.

Шараның басты мақсаты – жастардың шығармашылық және іскерлік белсенділігін арттыру, оларды мемлекет пен қоғам дамуы үрдісіне тарту.

Жазғы лагердің ашылу рәсіміне ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев қатысып, сөз сөйледі.

«Бүгін біз Зерен білім лагерін ашып отырмыз. Бұл жастар үшін маңызды шара. Мұнда жастар ұйымдарының лидерлері, еліміздің барлық өңірінен келген белсенді жастар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары келіп отыр. Лагердің бірінші ауысымының тақырыбы цифрландыруға, екінші ауысым «Рухани жаңғыру», үшінші ауысым «Жастар мен кәсіпкерлік» мәселесіне арналып отыр. Менің ойымша, мұнда жаңа идеялар мен жаңа жобалар таныстырылады. Жалпы, семинар өңірлерден келген жастарға цифрландырудың маңызын жетік түсінуге, осы бағытта жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Әр күнгі шараға бизнес, мемлекеттік басқару салаларынан қонақтарды шақырдық», - деп хабарлады Д. Кәлетаев.

Шара қатысушылары заманауи түйіткілді мәселелерді шешуге өздерінің ұсыныстарын білдіріп, тақырыптық жобаларды әзірлеу, оларды ұсыну және дерекқорды қалыптастыру бойынша үздік жобалар мен идеяларын таныстырады, сондай-ақ, танымал қазақстандық және саяси қайраткерлермен кездесулер өткізеді.  

Білім лагері ағымдағы жылы 12-26 тамыз аралығында өтеді.