Жастардың білім лагері екінші ауысымы «Жаңғыру трендтері» тақырыбында өтеді

Жастардың білім лагері екінші ауысымы «Жаңғыру трендтері» тақырыбында өтеді

2018 жылғы 17-21 тамыз аралығында Ақмола облысындағы Зеренді демалыс аймағында Республикалық жастардың жазғы білім лагерінің екінші ауысымы өтеді. Ертең басталатын екінші ауысымның тақырыбы «Жаңғыру трендтері».

Әлемде бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізіп, оны қалай сақтауға болады? Біз үшін қандай құңдылықтарды өз бойымызда қалыптастыру маңызды? Таза прагматизм дегеніміз не және тұтынушылық табынуға қалай төтеп беруге болады? Бұл сұрақтарға жауапты біздің жастар танымал саясаттанушылар Айдос Сарым, Саясат Нұрбекпен бірге талқылайды.

«Жаңғыру формуласы» шарасы аясында «Қазақпарат» агенттігінің бас директоры Асқар Омаров, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы өз пікірлерін ортаға салып, кездесу өтеді.

Тәжірибелі тренерлердің қатысуымен «Мотивация мектебі», «Ашық сана мектебі», «Цицерон мектебі» тренингтері өткізіліп, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудағы озық тәжірибелер таныстырылады. Сонымен қатар, жастарға бұқаралық спорттық, мәдени-танымдық шаралар, тимбилдинг и квесттер ұйымдастырылады. Жастар ресурстық орталықтарын дамыту бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысын өткізу жоспарланған.

Айта кетейік, лагерь бағдарламасы «Digital ұрпақ», «Жаңғыру трендтері», «Бизнестің құпиясы» атты үш ауысымнан тұрады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерь қазақстандық жастар әлеуетінің бес мега трендін талқылауға, саясаттағы, бизнестегі және social-медиадағы жаңа технологияларды үйренуге арналған, жастар саясатын жетілдірудегі нақты механизмдерді әзірлеуге бағытталған ерекше сұхбат алаңы болып саналады.