
22 тамыз күні Ақмола облысында «Зерен» республикалық лагерінің үшінші маусымы басталды. Маусым «Бизнес сиқыры» тақырыбына арналып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас кәсіпкерлер мен жастар ұйымдары өкілдерінің басын қосты.
Лагерге қатысушылар «Сұңқар» сауықтыру орталығы мен «Aurora Garden» демалыс орталығына орналасып, алдағы бес күн бойы бизнес саласындағы инновациялық жобалар дайындатын болады.
Жастармен кездесіп, өзекті тақырыптарда әңгімелесу үшін лагерьдің ресми ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

«Біз саналы және бәсекеге қабілетті болуымыз үшін өзімізді жан-жақты дамытуымыз қажет. Жастар өздерінің сыни қабілетін дамытулары қажет. Сонда ғана біз жүйелі түрде дами аламыз. Осында отырған жастар ұйымдарының көшбасшылары да халыққа көп нәрсені жеткізуі керек. Мысалы, бәрі де үлкен арманнан басталады, біз сол жоспарлардың орындалуына түрткі болып, оның іске асырылуына қолдау көрсетуіміз қажет», - деді М. Әшімбаев.
Сонымен қатар, лагерь бағдарламасы аясында «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиевтың қатысуымен «Ашық сана мектебі» мастер-класы өтті. Онда қатысушылар сыни ойлау қабілетін, коммуникация және таныстыру қабілеттерін дамытуға бағытталған бірқатар жаттығулар жасады.