
Биылғы 12-26 тамыз аралығында Ақмола облысының Зеренді ауданында республикалық «Зерен – 2018» жазғы білім лагері өтті. Жастарға арналған «Зерен» жазғы лагеріне қатысушыларды «Қазақстан – мүмкіндіктер елі» деген ортақ ұран біріктірді. Форумға жиналғандардың арасында жас кәсіпкерлер, талапшыл жастар, шығармашылықпен айналысатын жастар, жас ғалымдар, блогерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері болды. Олардың барлығына ауқымды шара барысында мемлекеттің беделді тұлғаларымен кездесуге, өздерін әр қырынан көрсетуге, сонымен қатар әр түрлі бағыт бойынша оқыту сағаттарына қатысуға мүмкіндік туындады.
Қазақстандық жастардың басын қосқан «Зерен-2018» жазғы білім лагері қандай форум және қандай мақсатта өткізілді? Бәрінен бұрын оның өту бағытын «Бізге жаңа адамдар қажет» деген бір ғана тіркеспен түйіндеуге болатын секілді. ҚР Қоғамдық даму министрлігінің еліміздің ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған бір ғана жүздесумен шектелмейтін мұндай жиыны жастар үшін аса қажет екені сөзсіз. Қатысушылар да мұнда айтылған ойлар өз аймақтарының ғана емес, тұтас елдің болашағын бағдарлайтынына сенім білдірді. Олар өздерін барлық сала бойынша әр қырларынан көрсетті.
«Зерен – 2018» жазғы білім лагері үш ауысымға созылды. Оның да әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болды. Бірінші ауысымға қатысушылар «Digital-ұрпақ» бағытында оқытудан өтсе, екінші ауысымның жастарын «Жаңғыру тренді» идеясы біріктірді, ал соңғы ауысым «Бизнес сиқыры» тақырыбына арналды. Жалпы бұл форумға Қазақстанның әр түкпірінен 29 жасқа дейінгі 300-ден астам жас қатысты.
Лагерьдегі 15 күн ішінде қатысушылар жан-жақты білім курстарынан өтті. Әдетте мұндай курстар бірнеше айға созылатыны белгілі. Ал бүгінгі заман талабына сай уақыт – ең басты құндылық екені даусыз.
Жазғы лагерьдегі бұл күндер тек семинарлармен ғана емес, тренингтермен, шеберлік сағаттарымен, дәрістермен және мәдени-спорттық шаралармен айшықталды.
«Зерен» лагерінің үшінші ауысымын бірлескен ұйымдастырушы Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов: – Мен бұл лагерьге спикер ретінде қатыссам да, маған пайдасы мол болды. Мұнда талантты, табысты, жалынды адамдар жиналды. Жай күндері мұндай жандармен ұзақ уақыт араласу мүмкін болмайды. Оған қоса «Зерен – 2018» лагерінің өткізілетін орны да жақсы таңдалған. Таза ауа, жасыл орман, айдын көл, тыныш жер – мұның барлығы оқу үрдісіне таптырмас жағдай. Нәтижесінде қатысушылар білім процесіне алаңсыз ден қойды, – деп өз әсерімен бөлісті. Бірінші және екінші ауысымдарда ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған кезеңде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдерібелсенділік танытты. Спикерлер арасында қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер, бинесмендер болды. Олар – Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мұрзалин және ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі Нұргүл Мауберлинова. Сонымен қатар лагерь жұмысында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының он шақты қатысушысы да болды.
Форум соңында қатысушыларға ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаевтың атынан сертификаттар табысталды. «Зерен – 2018» лагері өзінің алғашқы кезеңін осылай аяқтады. Осындай қызықты сәттерді бастан кешіп, жаздың жарқын айларының да соңына таянғанын байқамаппыз. Алайда жұмыс мұнымен тәмамдалмады, лагерь қатысушылары арасында әлеуметтік желідегі ең үздік жазбаға байқау жарияланды.
«Зерен – 2018» өз кезегінде алғашқы ашық алаңға айналды. Семинарлар мен кездесулер артта қалса да, алда бізді енді ең қызықты оқиғалар күтуде. Олар – жаңа есімдер, жаңа жобалар, жаңа өмір.
Дана ДҮЙСЕКЕНОВА, «Зерен-2018» лагерінің қатысушысы