
Қыркүйектің әр екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында, 2018 жылғы 6 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н. Әбдіқалықова Қоғамдық даму министрлігінің өткізген «Қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі отбасының рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшелері, Қоғамдық даму министрі, ғылыми ұйымдар басшылары, танымал қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде мемлекеттік отбасы саясаты Қазақстанның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екеніне ерекше назар аударды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Бұл – отбасылық-гендерлік саланың ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ, даму бағытын айқындайтын негізгі құжат.
Отбасы институтын қолдау бойынша Қазақстанда жүргізілетін әлеуметтік саясаттың маңызды бөліктерінің бірі балалары бар әйелдерге және отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету жүйесі болып табылады. Олар атаулы көмек көрсетудің толық жүйесімен қамтылған: 2003 жылдан бастап бала туғанда жәрдемақы беріледі, 2006 жылдан бір жасқа дейінгі балалардың күтіміне барлық қазақстандық отбасыларға жәрдемақы төленеді. 2007 жылдан бастап балалы отбасыларға арналған қаржылық көмек 5 рет өсті.
Жетім балаларды немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырау үшін қорғаншыларға немесе қамқоршыларға арналған жәрдемақы, патронаттық тәрбиелеушілерге төлемдер беріледі. Нәтижесінде 4445 бала биологиялық отбасына қайтарылды, 25 балалар үйі жабылды.
Мемлекеттік хатшы Тұрақты даму мақсаттарының бірі – зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің таралуын азайту екенін атап өтті. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданыста.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күшімен іске асырылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешу бойынша ҮЕҰ қатысуымен 31 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 23-нің жұмыс істейтін ғимаратттары бар. Түркістан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде «Тұрғындарға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметтері» ашылды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н. Әбдіқалықова сөз соңында мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру бойынша функциялар жүктелген Қоғамдық даму министрлігіне озық әлемдік тәжірибені назарға ала отырып, сарапшылар қоғамымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жүйелі жолға қойып, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру туралы тапсырма берді.