
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн кездесу өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген онлайн дөңгелек стол - "Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар" тақырыбына арналды.
Кездесу барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бүгінгі талқыланып отырған тақырып - денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, оны кезекті пікірталас алаңына шығарып отырғанын жеткізді.
- Өздеріңізге мәлім, біздің министрлік қоғамдағы ең өзекті, елдің қарама-қайшы пікірлеріне тоғысқан мәселелерді ортаға салып, осындай ой талас алаңында талқылап, дұрыс тұжырымдаламар жинақтауды дәстүрге айналдыруды қолға алып отыр. Бүгінгі тақырып – елді жаппай вакцинациялау мәселесін егжей-тегжейлі тек өздеріңіз сияқты білікті мамандар ғана біледі. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасының кейбір пункттері қоғамда қызу талқыға түсіп отыр.
Біз аталмыш тақырыпты тек өзекті болғаны үшін ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматқа аталған шаралардың заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін түсіндіру және жеткізу тұрғысындағы маңыздылығына орай таңдап алғанымызды атап өткен орынды.
Вакцинация маңыздылығын, әсіресе, қазіргі таңда тұтас әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде қайта бағалау күрделі екендігі сөзсіз. Бұған қоса, вакцина әзірлеудің оң нәтижелерін тағатсыздана күтіп отырмыз, - деді Аида Балаева.
Кездесуде министр, вакцинацияға қарсы пікірлер бар екендігін, сол себепті - түсіндірме жұмыстарының маңыздылығын да атап өтті. Кездесуге қатысқан қоғамдық ұйым өкілдері өз наразылықтарын түсіндірді.
Атап айтқанда, өзін халықтық емші ретінде таныстырған, "Quantum Mind Leap" ЖШС директоры Виктория Ли вакциналар кеңестік кезеңде ғана пайдалы болғанын, содан кейін сау адамды науқасқа айналдыра бастағанын айтты.
"Құрамы туралы ақпарат түсініксіз. Формальдегид консерванты вакциналардың құрамында да қолданылады. Ол канцероген болып табылады, яғни обырдың одан әрі дамуына ықпал ете алады", - деді ол.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығының төрағасы Арнұр Нұртаев екпелердің құрамын түсіндіре отырып, формальдегид вирустарды, мысалы - полиомиелитті инактивациялау үшін пайдаланылатынын айтты.
"Біз қандай да бір адъюванттар, протеиндер, қант, формальдегидтер, сынап не үшін пайдаланылатынын түсіндіруге тырысамыз. Екпе жасап шығу үшін әртүрлі тұрақтандырғыштарды, инактиваторларды пайдалану қажеттілігін қамтитын өте күрделі биологиялық реакция қажет. Бірақ ең маңыздысы, екпедегі формальдегид санының аздығы соншалықты, сіз су ішкенде екпеден гөрі анағұрлым көп аласыз", - деп түсіндірді ол.
Нұртаевтың айтуынша, екпелердің қауіпсіздігін зерттеу үнемі жүргізіледі.
Ол өз сөзінде: "Ондаған мың түрлі зерттеулер екпе өндіру кезінде әртүрлі заттарды пайдалану мүлдем қауіпсіз екенін көрсетеді. Қазіргі кезде «Қазақстанда бүгінгі күні сапаны бақылау жүйесі әлдеқайда нашар» деген пікір бар. Мен бұған келіспеймін. Керісінше, біздің зертхана еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Біз сол екпелерді Еуропада қойылатын сапа стандарттары бойынша тексереміз. Барлық адъюванттардың, формальдегид көрсеткіштерінің және басқалардың санын талдаймыз. Олардың саны аз екенін растаймыз", - деді.
М.Горький атындағы орыс драма театрының актрисасы Светлана Фортуна, вакциналардың құрамы, жанама әсері туралы зерттеулер жазылған арнайы үкіметтік сайт қажеттігін айтты.
Вячеслав Локшин, “Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, акушер-гинеколог: - Бірде церебралды сал ауруымен ауыратын жүз баланың ағзасын зерттедік. Ұзақ зерттеп, вакцинаның салдары жоқ екендігін анықтадық. Көбіне анасының денсаулығына, күтіміне байланысты болып шығады. Былтыр 6003 адам ғана бас тартқан” деп, қауесеттерді жоққа шығарды.
Виктория Виниченко, №4 қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі: «Аллергия, демікпесі бар, неврлогиялық аурулары бар балалар егуге болмайды деген дұрыс емес, вакцина жасалуы тиіс.
Ағылшын докторы Уэйкфелдьтің «Вакцина аутизмге шалдықтырады»деген еңбегіне дәлел табылмады. Кері әсері туралы көп айтады, ал қазір егілетін жасушасыз вакцина еш ауру тудырмайды. Дәл осы екпелерге қатысты Денсаулық кодексіне арнайы норма да енгізілді. Ешкім ешкімді мәжбүрлеп екпе салмайды. Ата-ана құқы сақталған» деді.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Бұл –өте маңызды заң жобасы. Үш мың ұсыныс келіп түсті. 717 түзету енгізілді. Кодекстің 80% өзгерттік. Халық сапасына сенбейді. Сондықтан вакцина өндіруші, оны тасымалдаушыларға жауапкершілік қатаңдатылды. Бұл тақырып қоғамда біраз талқыланды. Ата-аналар мен білікті сарапшылар, дәрігер мамандардың басы қосылып, талай сауалға тұщымды жауап берілді.»,–деді.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: - «Ұлт саулығы сынға түскен кезде халықтың пікірін ескеру маңызды. Біз әр азаматқа заң тұрғысынан толық түсіндіруіміз қажет. Қазір бүкіл әлемді шырмап алған вирус жағдайында вакцинацияның өзектілігі артып отыр. Екпеге қарсы азаматтардың пікірін ескермеуге болмайды. Себебі бұл - бүкіл қоғамның саулығына қатысты мәселе. Осы үлкен жауапкершілікті бірге атқаруымыз қажет» деп кездесуді түйіндеді.