Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Наурыз мейрамы жаңа тұжырымдама аясында өтуде. «Наурызнама» онкүндігі енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында тойланатын болады.
Онкүндіктің әр күні қазақ мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие құндылықтарға негізделеді. Еліміздің барлық өңірінде өтетін мәдени-спорттық іс-шараларға ерекше назар аударылады. Этноауылдар салынып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы ісің – ұлы таңы Наурыз» атты мерекелік концерт 21 наурыз күні сағат 11:00-де халықаралық «ЕХРО» көрме орталығында өтеді.
«Ұлы ісің - ұлы таңы Наурыз» атты іс-шарадан көрермен театрланған қойылым тамашалап, қазақтың ұлттық мәдени жауһарлары – музыкалық халық шығармаларын тыңдай алады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Айзат Қарабекова, Шұғыла Сапарғалиева, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Абылай Тілепбергенов, «Астана Опера» опера және балет театрының, «Наз» би театрының әртістері, сондай-ақ «Hassak» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Серпер» домбырашылар тобы, «Гәкку» жетіген ансамблі және басқалары өнер көрсетеді.
Мерекелік іс-шараның мақсаты – ізгілік пен бірліктің, жаңашылдық пен жасампаздықтың символына айналған төл мерекемізді өскелең ұрпаққа насихаттау.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі