
Жастар ұйымдарының көшбасшылары жастарды «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуға шақырды.
ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің өкілдері республикалық жастар ұйымдарының көшбасшыларымен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өткізіп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңіне қатысу ережелері туралы айтты.
ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Ораловтың айтуынша, аталған жоба жастар арасында танымал жоба ғана емес, сонымен қатар, елдің дамуына үлес қосудағы өз әлеуетін көрсететін жақсы мүмкіндік.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жобалар алты бағытта жүзеге асырылуда. Оның бірі - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы. Бүгінгі кездесудің мақсаты өзінің жеке болашағы үшін ғана емес, белгілі бір салада жетістікке жетіп, жалпы еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды таныту. Бізде осындай жастар бар. Бірақ, оларды көбісі біле бермейді. Сондықтан, біз жастарды жобаға қатысуға шақырамыз», - деді Асхат Оралов.
Кездесу қорытындысы бойынша «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының, «Жарасым» жастар ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Жастардың іскерлік кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің басшылары өз ұйымдары арқылы белсенді жастарды «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңіне ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетейік, өтініштерді қабылдау 100esim.el.kz порталы арқылы жүргізіледі.