
Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға берілетін сыйлықақыға үміткерлерден өтінім қабылдауды аяқтады. Сыйлықақы- үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың бір түрі. ҮЕҰ-ды дамытуға қолдау көрсету, олардың әлеуетін арттыру, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың қызметін ынталандыру мақсатында жүзеге асырылады.
Өтінімдер 2018 жылғы 1 шілдеден 3 қыркүйекке дейін қабылданған болатын. Жалпы үміткерлерден 197 өтініш келіп түсті (ағымдағы жылдың 14 қыркүйегіндегі жағдай бойынша). Олардың ішінен 1 өтінім құжаттар пакетінің толық болмауына байланысты кері қайтарылды.
Министрліктің мәліметі бойынша «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-тармағында көрсетілген 5 бағыт (номинация) бойынша 196 өтінім қаралды. Осылайша, өтінімдердің басым бөлігі: халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау - 56, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау - 18, отбасылық, демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге үлес қосу – 16, білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу- 15, және т.б. бағыттар бойынша келіп түскен.

Өтінімдер барлық өңірлерден келіп түсті. Өтінімдердің көбі Астана қаласынан келіп түскен, жалпы саны-39, Алматы облысынан- 34, Алматы қаласынан -29 өтінім қабылданды.

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымованың айтуынша, министрлікке қазіргі уақытта да үміткерлер тарапынан ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақыға өтінімдер келіп түсуде. Алайда үкіметтік емес ұйымдарға сыйлықақы тағайындау жөннідегі 2018 жылғы 25 мамырдағы № 52 ережеге сәйкес, сенбі күніне келетін демалыс күндерін жылжыту ескеріле отырып, байқауға тек пошта арқылы 3 қыркүйектен кешіктірілмей келген өтінімдер ғана қабылданады.
ҮЕҰ-ға берілетін сыйлықақыға үміткерлердің өтінімдерін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлерінен және ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақылар бағыттары бойынша тиісті салалардың сарапшыларынан құралған сарапшылар комиссиясы қарайды. Сонымен қатар, конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдерді сарапшылар қашықтық жүйесі бойынша қарастырады.
Сыйлықақының көлемі 2 000 АЕК құрайды. (4,8 млн тенгеден астам).
Айта кету керек, сыйлықақыларды салтанатты түрде табыстау рәсімі өткен жылдың қараша айында Астанада өткен болатын. Сыйлықақыға 59 үкіметтік емес ұйым ие болды.
«Салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың денсаулығын қорғау» номинациясы бойынша «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанған болатын. Ұйым 15 жылдан астам уақыттан бері денсаулық сақтау, отбасын жоспарлау, мүгедектердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелерімен айналысады. Үкіметтік емес ұйым осы уақытқа дейін 25-тен астам жобаны, 100-ден астам оқыту тренингтерін өткізген. Аталған іс-шараларға мүмкіндігі шектеулі әйелдердің мәселелерімен айналысатын ұйымдардың белсенді көшбасшылары, Орта Азия елдерінен жалпы саны 5000 адам қатысты.
«Тұрғындарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуде пробация қызметтеріне жәрдемдесу» номинациясы бойынша «Право» қоғамдық қоры сыйлықақы иегері атанған болатын. Аталған қор аясында құрылған «Шанс»
әлеуметтік-құқықтық қолдау орталығы заңға қатысты мәселелері туындайтын тұрғындарға қазіргі уақытта Қазақстан аумағында әлеуметтік қызмет көрсететін жалғыз ұйым болып табылады.
Осы жылы ҮЕҰ арналған сыйлықақыларды табыстау рәсімі желтоқсан айында Қазақстанның VIII Азаматтық Форумы аясында өтеді.