
ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен Қазақстан жастары Конгресінің бастамасымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңін қолдау мақсатында «Қазмедиа орталығы» кешенінде «7 Jalyn» республикалық жобасының таныстырылымы өтті.

Жобаның мақсаты – еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан жастардың өмірлік жолын үлгі ете отырып, табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім салтанаты идеяларын насихаттау. Аталған жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
Жобаны таныстыру рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, қоғам қайраткері Бахыт Сыздықова, «QAZAQSTAN» РТРК тележүргізушісі Ирина Тен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ернұр Рысмағамбетов және республикалық жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

«7 Jalyn» жобасы 17 қыркүйек пен 15 қазан аралығында жүзеге асырылады. Оның жеңімпаздары Қазақстан жастары Конгресінің атынан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылатын болады.