Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Қоғамдық даму министрлігінің бірлескен отырысы өтті

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Қоғамдық даму министрлігінің бірлескен отырысы өтті

2018 жылғы 27 қыркүйекте Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев пен Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен сайлау процесінде азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бірлескен отырыс өтті.

Бірлескен отырыс жұмысына мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Отырыс аясында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев министрлік азаматтардың сайлау процесіндегі сауаттылығына және сайлау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне баса мән беретінін атап өтті. 

Министрдің айтуынша, келешекте плюрализм пікірлерінің өсуін ескере отырып, азаматтық қоғам институттары әлеуметтік-саяси процестерді басқаруға қатысуы керек. Деректерге сәйкес, халық арасында Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық, қоғамдық өмірге, оның ішінде сайлау процесін бақылауға кеңінен қатысу сұранысына ие. Сауалнама көрсеткендей, тұрғындардың 35 % ҮЕҰ факторын сезінеді, ал 65 % олардың рөлін күшейту қажеттігін айтқан. Осыған байланысты, ҮЕҰ-ды сайлау үдерісін бақылау, аналитикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту қажет.

ҚР ОСК басшысы Берік Имашев ағымдағы жылы болған сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Саяси партиялар мен үкіметтік емес сектордың сайлау процестеріне неғұрлым белсенді қатысуы үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті.

"Бүгінгі бірлескен отырыс - бұл мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл, өзара түсіністік деңгейін арттыру бойынша үлкен жұмыстың бастауы", - деді Б. Имашев.

Отырыс барысында сайлау процесіндегі азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды, жергілікті өкілді органдар депутаттарының сайлауын өткізу кезінде пропорционалды сайлау жүйесіне көшуге, мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Б. Имашев сондай-ақ Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың сайлау процесінің негізгі қатысушылары бола отырып, сайлау заңнамасына сәйкес, атап айтқанда, сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыруда, өз өкілдерін сайлау лауазымдарына ұсынуда, сайлауды байқауда, сайлау процесіне қатысушыларды электоралдық оқытуды ұйымдастыруда құқықтары мен өкілеттіктерінің кеңейтілген шеңберіне ие екендігіне назар аударды.

Бірлескен отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді, ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен Қоғамдық даму министрлігі арасында хаттамаға қол қойылды.