ҚР МАМ қолдауымен агрессорлармен жұмыс жөніндегі жоба іске асырылуда

ҚР МАМ қолдауымен агрессорлармен жұмыс жөніндегі жоба іске асырылуда

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінде агрессорлармен жұмыс жөніндегі гранттық жобаны іске асыру бойынша «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров үкіметтік емес ұйым өкілдерімен жобаның нәтижелері туралы талқылады.

Жоба 2023 жылдан бастап Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Ақмола облыстары мен Астана қаласында іске асырылуда.

Агрессорлармен жұмыс бойынша оқыту тренингтерінен дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 280 инспекторы, сондай-ақ өңірлердің учаскелік инспекторлары өтті.

Агрессорлармен жұмыс кезінде канадалық "ODARA" әдісі қолданылады. Бұл тәсіл арқылы агрессорларда қайталанатын зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау қаупін болжауға болады.

Оларға бүгінге дейін 400-ге жуық кеңес берілді. Қазір аталған жұмыстың нәтижелері аясында Үкіметте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралуда. Заң жобасында соттың құқық бұзушының агрессивті мінез-құлқын өзгертуге бағытталған міндетті психологиялық көмекті қолдануы жөніндегі норма көзделген.

Қазіргі уақытта агрессорлар ерікті түрде оқытылады, бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл жеткіліксіздік танытуда.

Биылдан бастап жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске асырылатын болады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі