А.Балаева: Әзербайжан мен Қазақстан ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілуде

А.Балаева: Әзербайжан мен Қазақстан ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілуде

Әзербайжан астанасы Бакуде Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары барысында қазақ-әзербайжан қатынастарын нығайту мақсатында өзара мәдениет күндерін өткізу туралы келісім жасалған болатын.

Әзербайжандағы іс-шаралар ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен өтуде. Бүгін министр бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдениетаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Президенттің көмекшісі – Әзербайжан Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің басшысы Хикмет Гаджиевпен айрықша маңызды кездесу өтті.

«Президентіміз Әзербайжанмен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұған мемлекет басшыларының өзара сапарлары дәлел бола алады. Серіктестік барлық сала бойынша жоғары деңгейде дамиды. Бұл тілдің, діннің, әдет-ғұрыптың және дәстүрдің ұқсастығына негізделген ортақ мәдени мұра мен туыстық байланыстарға байланысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының құрылысы аяқталуда. Бұл Әзербайжан халқына достық пен өзара қолдауды білдіретін сыйлық. Оның екі халық арасындағы бауырластық қарым - қатынастың символына айналатынына сенімдімін», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.

«Орталық Азия елдері - Әзербайжан Республикасы үшін басымдық және жаңа мүмкіндіктер береді. Қазақстанның кинематографиялық тәжірибесі біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Мультфильм жақсы дамыды, әсіресе тарих пен мифологияға байланысты», - деп атап өтті Хикмет Гаджиев.

Аида Балаева осы бағытта қолдау көрсетуге даяр екенін жеткізді.

Министр Хикмет Гаджиевтің халықаралық медиафорум өткізу туралы бастамасын да қолдады. 

Тараптар Әзербайжанның кабельдік желілері арқылы қазақстандық  «Balapan», «Хабар 24», «Qazaqstan» телеарналарын трансляциялау, елімізде  Әзербайжанның CBC TV телеарнасынан хабар тарату мәселелерін де талқылады.