
Ағымдағы жылдың 19-20 қазанында «Инвестиция- жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық» тақырыбында халықаралық конференциясы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушысы Асхат Оралов мәлімдеді.
Конференцияның жұмысына Орталық Азия елдерін қоса алғанда, Азия-Тынық мұхит аймағының 37 мемлекетінен 200-ден астам парламентшілер, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, жастардың ҮЕҰ-дың, ғылыми орта және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.
«Алдағы конференция барысында жастардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланады, ал жастарға бағытталған заңнамаға, жобаларға және бағдарламаларға қатысты үздік тәжірибелер қарастырылады», - деді Асхат Оралов.
Конференция аясында «Жастардың білім алуы мен жұмысқа орналасуы үшін мүмкіндіктерін кеңейту», «Денсаулық сақтау саласындағы ақпаратқа, білімге және қызметтерге әмбебап қол жеткізу», «Жастардың азаматтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге толық қатысуы», «Жаһандану жағдайындағы жастардың тәуекелдері мен мүмкіндіктері» тақырыптарында панельдік сессиялар өтеді.
Конференцияның қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған іс-шаралар кешені ұсынылатын Астана Декларациясы қабылданады.
Брифинг барысында сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен және Қазақстандағы БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру саласының өкілі Джулия Валезе сөз сөйледі.
2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдағы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынғанын естеріңізге сала кетейік.