
«Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасы таныстырылып, жастардың жай-күйі мен әл-ауқатын зерделеу жөніндегі зерттеу нәтижелері жарияланды.
Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар мен отбасы істері комитеті төрағасының міндеттін атқарушы Роллан Құспан, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Жастар» ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова баяндаманы дайындау барысы туралы айтып, жастардың қазіргі жағдайын талдау аясында еліміздің барлық өңірінен 6000 респондентті қамтыған социологиялық зерттеу нәтижесі пайдаланылғанын атап өтті.
Таныстырылым барысында жастар саясатына, қауіпсіздікке, қылмыстың алдын алуға қатысты өзекті мәселелер айтылды.
Сондай-ақ, сарапшылар жастар өмірінің әртүрлі аспектілері бойынша пікір алмасып, жастар саясатын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы алғанда, «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасы әлеуметтік дамудың қазіргі трендтерін, жастардың қажеттіліктері мен мүдделерін айқындауға бағытталғаны атап өтілді. Баяндама жас ұрпақтың әлеуетін барынша іске асыру үшін мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелері, қоғамдық ұйымдар арасында әріптестік қажет екенін көрсетіп отыр.
Айта кету керек, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға сәйкес, 2013 жылдан бері жыл сайын қазақстандық жастар өмірінің негізгі салалары бойынша ұлттық баяндама дайындап келеді.