
Орталық Азия елдерінің өкілдері «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі – Балалар мен жастар іс-әрекетте» атты халықаралық форумда осындай келісімге келді. Климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық мәселелерді шешуге және келер ұрпақ үшін тұрақты болашақты қамтамсыз етудегі балалар мен жастардың маңызды рөліне арналған шара Ташкентте өтуде.
Ауқымды шараны «Замин» халықаралық қоғамдық қоры мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырды.
Форумда сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастар мен балалардың табиғатты қорғауға қызығушылығын және олардың экологиялық проблемалармен белсенді күресуге дайын екендігін атап өтті. Министр қоршаған ортаға қамқорлық жаһандық үрдіске айналып бара жатқанын айтып, жиналғандарды жас экологтарды қолдауға және маңызды жобаларын жүзеге асыруға ынталандыруға шақырды.
«Қазақстанда жастар табиғатты сақтауға және қорғауға бағытталған түрлі экологиялық акцияларға белсенді қатысады. Биыл бұл шараларға 2000-нан астам еріктілер қатысты. Экологиялық мәселелерді шешудегі азаматтық күш-жігерді қолдау үшін әрқайсысына 300 мың теңгеге дейін 30 шағын грант берілді. Әртүрлі жастағы 120 мыңнан астам адамды қамтыған 70-тен астам экологиялық науқан жүргізілді, еріктілердің аймақтық фронт-офистерінде экологиялық ағарту бойынша 1000-нан астам семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. «Киелі табиғат» республикалық экологиялық акциясы аясында жастар арасында экологиялық сана мен мәдениетті тәрбиелеу және арттыру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шаралар 110 мыңнан астам қазақстандық баланы қамтыды, 20 мыңнан астам ағаш отырғызылды», - деді Аида Балаева.
Экология саласындағы іс-қимылды күшейтудің бірқатар шаралары, соның ішінде елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, оқыту курстары мен қоршаған ортаны қорғау акцияларын ұсынып, «Дүниежүзілік автокөліксіз күн» мен «Жер сағаты» акциясын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Жастардың экологиялық қозғалысын дамыту үшін Аида Балаева Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі тақырыбына арналған үздік деректі фильмге еларалық жастар арасында байқау өткізуді, сондай-ақ бірлескен аумақтарды тазарту акциясын ұйымдастыруды ұсынды.
Министр сондай-ақ, ақпараттық ынтымақтастық пен елдер арасындағы бірлескен экологиялық шараларды қамтудың маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, Аида Балаева жиналғандардың барлығын балалар мен жастардың экологиялық жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге және шабыттандыруға шақырып, тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана планетаны сақтауға елеулі үлес қосуға болатынын атап өтті.
Форумға қатысушылар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Иран және Тәжікстан өкілдері айтылған барлық ұсыныстарды қолдауға дайын екендіктерін білдірді.