
Астанада «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында, әйелдер мен жастар үкіметтік емес ұйымдарының мемлекеттік органдармен қоғамда радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру жұмысындағы өзара әрекеттесу мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Қоғамдық келісім комитеті төрағасының м.а Қайсар Жанаханов қатысушылар алдында сөз сөйледі.
«Біз жаңа қоғам құру жолындамыз, сондықтан, жастарымызға тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, халқымыздың салт-дәстүрлерін жалғастыру мен бекемдеу жауапкершілігі - жастарға жүктелген»- деп атап өтті Қ.Жанаханов.
Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдрасілқызы, дінтанушылар мен ғалымдар, жастар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері болды.
Конференция барысында жастардың деструктивті діни ағымдарға қатысуының себептері, тұрақты азаматтық позицияларды қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының маңызы мен өзектілігі және деструктивті діни ағымдарға қарсы нөлдік төзімділік барысы талқыланды.
Жалпы конференция жұмысына 120-дан астам адам қатысты, олар – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әйелдер ұйымдарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ республиканың әр өңірінен келген жастар қозғалысы мен қоғамдық пікір көшбасшылары.