
«Уақып» Қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қоры Қамқоршылар кеңесінің сырттай отырысының шешімімен Қайрат Әзімов «Уақып» қоры президенті қызметіне тағайындалды.
Қайрат Әзімов «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Инвестицияларды тарту департаментінде және Қазақстан республикасының Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған.
Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы, «Уақып» қоры Қамқоршылар кеңесінің хатшысы Қайсар Жанаханов Қордың жаңадан тағайындалған президентін салтанатты түрде ұжымға таныстырып, алдағы уақыттағы жұмыстарына табыс тіледі.
Бұдан бұрын «Уақып» қорының президенті лауазымын Қайрат Айтбай атқарған болатын, енді ол Қамқоршылар кеңесінің шешімімен басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен босатылды.
«Уақып» қоры Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған және коммерциялық емес қайырымдылық ұйым болып табылады, оның қызметі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, білім-ағартушылық бағытындағы іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ діни қызметкерлердің қызметін жетілдіруге және діни ұйымдардың қызметін қолдауға бағытталғанын естеріңізге саламыз.