
2018 жылғы 19-20 қарашада Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі, БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының ұлттық үйлестірушісі Берік Арын БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде алғаш рет өткізілген БҰҰ Өркениеттер Альянсының 8-ші Жаһандық форумына қатысты.
Екі күндік форумның негізгі тақырыбы - «Қақтығыстардың алдын-алу және бейбітшілікті сақтау жөніндегі серіктестік».
Форумының ашылу салтанатында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Насир Абдулазиз Аль-Насер, БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясының төрағасы Мария Эспиноса, Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглу, Катардың сыртқы істер министрі Сұлтан Әл-Мухейри және Испанияның Сыртқы істер министрлігі бойынша Мемлекеттік хатшысы Фернандо Марцо сөз сөйледі.
А. Гутерриш өзінің құттықтау сөзінде Өркениеттер Альянсының бейбітшілікті, әділ және орнықты қоғамдарды құрудағы рөліне тоқталды.
«Бұл үшін әртүрлі мәдениеттер мен діндер адамдарының үйлесімде, кемсітусіз және қудалаусыз өмір сүруі мүмкін жағдайларды алға жылжытуымыз қажет»,- деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.
М. Эспиноса зорлық-зомбылықты, кемсітушілік пен ксенофобияға қарсы тиімді әдістерді діни және мәдени негізде әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Жоғары өкіл Н. Әл-Насер Өркениеттер Альянсының жобалары өркениеттер арасындағы байланыстарды жалғастыратын іс-шараларды өткізуге және мыңдаған адамның, әсіресе жастардың өміріне оң әсерін тигізгенін айтты.

Форумның министрлер кездесуінде өткен Өркениеттер альянсының Достар тобының аясында Б. Арын Альянстың өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, Альянстың мақсаттары мен міндеттері - дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, өңірлік қауіпсіздік, білім беру, жастар, көші-қон және бұқаралық ақпарат құралдары бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларды іске асыру тетіктерінің бірі болып табылатынын, сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты бейбітшілікті құруға бағытталған бастамаларына сәйкес келетін айтты.
Ұлттық үйлестіруші Б.Арын Қазақстан тарапы Өркениеттер Альянсымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және азаматтық қоғамды, діни топтарды, жастарды, әйелдерді, бұқаралық ақпарат құралдарын қауіпсіздікті нығайту, діни радикализммен және экстремизммен күресу, тұрақтылық және толеранттылық құндылықтарын енгізуге жұмылдыруға, өзара тәжірибе алмасу және тиімді тәсілдерді әзірлеуге дайын екендігін атап өтті.
Осыған байланысты ол Астанада «Н.Назарбаевтың дінаралық және салааралық диалогты дамыту орталығын» құру туралы бастаманы және Қазақстанда 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы бастамалар жайында хабардар етті.
Форум аясында БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Өркениеттер Альянсының жаңа жоғары өкілі ретінде Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі Мигель Моратиностың тағайындалғаны туралы айтты.

Форум «алаңы» аясында бейбітшілікті сақтауда әйелдердің көшбасшылығын және қатысуын күшейту, бейбітшілікті нығайтуға жеке сектор мен азаматтық қоғамды тарту, діни лидерлердің рөлі мен жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша дінаралық және мәдениетаралық диалог, жаһандық қауіпсіз ортаны, цифрлық дипломатияны, білім беруді, көші-қонды және бұқаралық ақпарат құралдарын құру жөніндегі ұйымдардың мәселелері бойынша секциялық кездесулер өткізілді. Сондай-ақ жастар форумы және форум лауреаттарын марапаттау салтанаты, көші-қон және ксенофобияның алдын алу тақырыбындағы «PLURAL +» бейне-фестивалі өтті.
Отырыстарда атақты саяси қайраткерлер, оның ішінде бұрынғы Испанияның премьер-министрлері Х.Сапатеро және Австралия К.Рудд, Словенияның экс-президенті Д.Тюрк, Араб мемлекеттері лигасының бұрынғы бас хатшысы Амр Муса, БҰҰ Бас хатшысының жастар өкілі Дж.Викрамаяке және басқалары сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер Альянсының Достар тобына 2005 жылдың 16 қарашасында қосылған болатын. 2008 жылдан бастап Қазақстан әртүрлі мемлекеттерде екі жыл сайын өткізілетін БҰҰ Өркениеттер альянсының жаһандық форумдарына белсенді қатысады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жұмысына Өркениеттер Альянсының өкілдері, оның Жоғары өкілі Н.Әл-Насер тұрақты негізде қатысып, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі Қазақстанның жаһандық бастамаларына қолдау көрсетіп отырады.