Астанада ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өткізілді

Астанада ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өткізілді

2018 жылғы 22 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті XXII отырысы өтті.

Кеңес отырысының жұмысына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар, сондай-ақ жастар саясаты мәселелері жөніндегі өңірлік басқармалардың басшылары қатысты.

Кеңес отырысында Қоғамдық даму, ішкі істер және денсаулық сақтау министрлерінің Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі «Қазақстан 2020: болашаққа жол (екінші кезең – 2016 – 2020 жылдар)» Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы, сондай-ақ жастар арасында құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.

Кеңес мүшелері 2019 жылға арналған жастар саясаты жөніндегі Кеңестің жұмыс жоспарын мақұлдады.

 

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының келесі кезеңін әзірлеу, құқық бұзушылықтың әлеуметтік алдын алудың бірыңғай жүйесін құру үшін жастар қылмыстылығының өсуіне қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шаралары кешенін қабылдау және психологиялық өсу жағдайындағы және тәуекел тобындағы жастарды ерте анықтау бойынша шаралар қабылдау туралы бірқатар тапсырмалар берді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес – еліміздегі мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша шараларды әзірлеудегі басты диалог алаңы. 2017 жылы Кеңес құрамы сапалық жағынан өзгерді, бейінді өңірлік басқармалардың жұмысын үйлестіру күшейтілді.