
21-22 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Әкім Үртайұлы Таразидің 90 жас мерейтойына арналған «Әкім Тарази әлемі: әдебиет, театр, кино және педагогика» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
Іс-шараға шетелдік және отандық ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысуда. Олардың қатарында жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев (Өзбекстан), жазушы-ғалым, Phd докторы, аудармашы, Қазақстан Республикасының II дәрежелі «Достық» орденінің иегері Ашур Өздемир (Түркия), аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты бар. Сондай-ақ, конференцияға актер, Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, жазушы, драматург, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Елен Әлімжан және жазушы, публицист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Любовь Шашкова қатысып жатыр.
Сонымен бірге шараға Әкім Тарази шығармалары туралы Түркияның әдеби, ғылыми басылымдарында зерттеу мақалалары жарияланған филология ғылымдарының (PhD) докторы, Гази университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түркия), Ә.Тарази шығармашылығы бойынша монография жазып, кітап етіп құрастырған Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы Ибрахим Атабей (Түркия) мен Анкара Хажы Байрам Вели университетінің магистранты Мелике Йыландил (Түркия), Асуан университетінің «Шет тілдер» факультетіндегі «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Египет) онлайн форматта қатысуда.
Конференцияға Алматы қаласы және өзге облыстардан жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сұлтанәлі Балғабай, әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев, музыкатанушы, әдебиеттанушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рена Жұманова сынды әдебиет және өнер қайраткерлері онлайн форматта қатысып, ойларын ортаға салады.
Айтулы шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі әдебиеттанушылар, кинотеледраматургтер, кинотанушылар, театртанушылар, өнертанушылар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысып жатыр.
Конференция аясында шеберлік дәрістері, «Тарази оқулары», жаңа кітаптың тұсаукесері, Әкім Таразидің сценарийі бойынша түсірілген фильмдердің көрсетілімі, фотокөрме және өзге де іс-шаралар өтеді.
* ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ:
Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 1950 жылы Жамбыл облысы Жаңа тұрмыс ауылында орта мектепті тәмамдаған.
1957 жылы Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін аяқтап, 1957-1959 жж. Жамбыл облысы Жаңа тұрмыс ауылындағы орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1960-1962 жж. Мәскеу қаласындағы Жоғары сценарлық курста оқыды.
1962 жыл – «Литературная газета» басылымының Қазақстандағы меншікті тілшісі (Мәскеу)
1964 жыл – «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы
1970-1980 жж. – Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы, Қазақ КСР Кинематографистер одағының хатшысы
1980-1986 жж. – шығармашылық кезең
1986-1990 жж. – Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы
1991-1994 жж. – Мәдениет министрінің кеңесшісі
1993-1996 жж. – «Қаржы-қаражат» журналының бас редакторы
1994-2004 жж. – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры
2009 ж. – осы уақытқа дейін – Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры (2009-2011 ж. – Қазақстан Жазушылар одағы филиалының жетекшісі).
Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өткен болатын.
Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді.
«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.
Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Ежелгі уақытта Орта Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») және «Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы төрт ханның тарихы» («История первых четырех ханов из дома Чингизова») атты тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін, сондай-ақ, Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тіліне тәржімалаған.
1994 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, 2002 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы Прага қаласында Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. Сол жылы Англияда Ә. Таразидің «Қорқау жұлдыз» романы ағылшын тілінде жарық көрді. 2015 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанды.