Трендтер, подкасттар, нейрожелі, фейктер және сыни ойлау – Astana Media Week. Бірінші күн.

Трендтер, подкасттар, нейрожелі, фейктер және сыни ойлау –  Astana Media Week. Бірінші күн.

20-22 қыркүйек аралығында Астана қаласында, Astana Media Week 2023 медиа апталығы өтеді. Үш күн бойы жетекші қазақстандық және шетелдік сарапшылар тез өзгеріп жатқан медиа нарықта бейімделу және қиындықтарға қарамастан қызметті жалғастыру міндетін шешетін болады.

Astana Media Week Қазақстанда жетінші рет өткізіліп жатыр. Биылғы жылдың тақырыбы «MEDIA power: TRENDS, CHANGES, ETHICS» (Медиа күші: үрдістер, өзгерістер, этика).

Бүгінде елімізде медиа саласындағы заңнама жаңғыртылуда - азаматтар үшін қауіпсіз интернет-кеңістік құруға бағытталған «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын айқындайтын ақпараттық доктрина қабылданды.

Медиа апталықтың бірінші күні цифрлық жауапкершілік және БАҚ қауіпсіздігі тақырыбындағы пленарлық отырыспен ашылды. Оның спикерлері – «Мир» МТРК төрағасының орынбасары Екатерина Абрамова, «Кабар» Қырғыз ұлттық ақпараттық агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев, Қазақстандағы түрік Радиотелевизиялық корпорациясы өкілдігінің директоры Mehmed Zahid Çalışkan, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов. Отырыс модераторы - «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Рауан Кенжеханұлы.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отырысқа қатысушыларды құттықтады.  

«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам өмірінің барлық салаларына қатысты. Салада үздіксіз трансформация және цифрландыру әдістері, жаңа платформалар, коммуникация және хабарлама беру құралдары үнемі өзгеріп отырады. Мұның барлығы БАҚ-ты инновацияларға бейімделуге, үнемі дамып, жетілдіріліп отыруға итермелейтіні анық».

«Медиа трансформация» тақырыбындағы панельдік сессия БАҚ саласындағы қайтымсыз өзгерістер тақырыбына арналды. Оның қатысушылары әлеуметтік желілер неге дәстүрлі БАҚ-ты ығыстыруда, қағазға басып шығарылатын баспасөз дәуірі аяқталды ма, журналистердің сөз бостандығы азая ма және жақын арада «медиа қызметкерлерін» қандай заңнамалық жаңашылдықтар күтетінін талқылады. Панельдік сессия спикерлері – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, «Қазақстан «РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, журналист және медиа менеджер Арманжан Байтасов, «Хабар Агенттігі» АҚ бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали. Диалог модераторы – «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова.

«Қазіргі заманғы телевидениенің цифрлық контурындағы жарнама» панельдік сессиясына қатысушылар контекстік жарнама мен агрессивті маркетингтің үстемдігі кезіндегі теледидар аудиториясының назарын қалай аударуға болатынын талқылады. Ұсынылған тақырыптар қатарында диджитализацияның медиа жарнама нарығына әсері және жарнама стратегиясындағы соңғы трендтер болды. Спикерлер - нарықтың жетекші қатысушылары: ТМД және Балтық елдеріндегі форматтарды сату жөніндегі директор Fremantle Media (Эстония) Anne Kirsipuu, lumiers (Ресей) компаниясының тең құрылтайшысы, серіктесі Мария Косарева, VI Kazakhstan Бас директоры Ильмурад Жұмаев, International Media Service компаниясының басқарушы директоры Дилмурад Рахимов және «Орталық Азия Жарнама Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Анна Тюткова.

Ақпараттық соғыстар мен фейк жаңалықтар кең таралған дәуірде қалай жұмыс істеу керек - бұл мәселе кәсіби қоғамдастықты бірнеше жылдан бері алаңдатып отыр және «СЫНИ ТҰРҒЫ ОЙЛАУ: НЕГЕ БІЗ ЕНДІ КӨРГЕНІМІЗГЕ, ЕСТІГЕНІМІЗГЕ ЖӘНЕ ОҚЫҒАНЫМЫЗҒА СЕНБЕЙМІЗ?» тақырыбындағы Media Talks бейресми конференциясында талқыланды. Сарапшылар хайп, кликбейт, фейктер, сондай-ақ цифрлық ортадағы журналистердің жаңа этикасы мен кәсіби мінез-құлқы туралы сөз қозғады. Спикерлер қатарында қазіргі заманғы креативті және медиа индустрияның өкілдері: танымал режиссерлер, фотографтар, журналистер мен продюсерлер болды. Жасанды интеллект медиа қызметкерлері мен журналистерді жұмыссыз қалдыра ма – бұған қатысты пікірін Media talks спикері, режиссер және сценарист, Cannes World Film Festival «Үздік музыкалық клип режиссері» сыйлығының иегері Малик Зенгер білдірді: 

«Жасанды интеллект дәуірі басталды. Көбі нейрожеліге қауіппен қарайды, олар нейротехнологиялар көптеген мамандықтарды алмастырады, уақыт өте келе адамзатты ығыстырып жібереді деп ойлайды. Бұл ағайынды Люмьерлер – адамзатқа кино әлеміне жол ашқан француз киноиндустриясының аңызға айналған «аталары» жасаған жаңалықты еске түсіреді. Олар алғашқы кинороликтерді түсіріп, экранға шығарды. Адамдар ағайынды Люмьерлердің данышпандығын бірден қабылдамады. Мысалы, «Пойыздың Ла Сьота станциясына келуі» атты олардың картинасы көрермендердің түрлі реакциясын тудырды. Үлкен экран мен «залға» қарай келе жатқан пойыз сеансқа келушілердің үрейін тудырып, олар кинозалдан жүгіріп шыққан. Ал қазір кинотеатрлардың жағдайы жақсы. Нейрожелі желі – бұл адамның одан әрі технологиялық дамуы».

Сондай-ақ Astana Media Week алаңдарында ашық және жабық питчингтер өтті. Контент-мейкерлер өз жаңалықтарын жетекші БАҚ пен корпорациялардың басшыларына таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Табысқа жету мүмкіндігі зор. Бұл алаңда алғаш рет тәуелсіз подкаст авторлары мен диджитал контент ұсынылды, олардың ішінде: Dope Soz, Взлетаем, Abay  LIVE, На волне және басқалары. Олар қарапайым ынта-жігерден бастап подкаст индустриясын қалай құруға болатыны туралы айтты.

Өңірлік медиа да назардан тыс қалмайды – медиа аптаның екінші күні Өңірлік БАҚ форумы өз жұмысын бастайды, онда жергілікті медианың әлеуеті мен болашағы талқыланады. Биыл Форумның күн тәртібі кеңейеді - қазақстандық шынайылық қана емес, бүкіл Орталық Азия мен ТМД проблемалары да сөз болады. Сала қызметкерлері үшін MediaQuiz бейресми нетворкингке айналады - бұл өз білімін, креативтілігін, аналитикалық дағдыларын тексеріп, ұйымдастырушылардан сыйлықтар ұтып алғысы келетіндерге арналған интерактивті кеңістік.

Естеріңізге сала кетейік, Astana Media Week 23 қыркүйекке дейін жалғасады. Медиа апталыққа 2000-нан астам қонақ, қазақстандық және шетелдік 60 медиа индустрияның топ-менеджерлері, 20-ға жуық республикалық телеарна және 50-ден астам продакшн-компания қатысады.

Баршаңызды VII Astana Media Week іс-шарасына қатысуға шақырамыз. Кездесу орны – «Қазмедиа орталығы» (Астана, Қонаев көшесі, 4). Журналистер, блогерлер, инфлюенсерлер, баспасөз қызметкерлері, жарнама қызметкерлері, продюсерлер, редакторлар - контент жасаумен байланысты және бұқаралық ақпарат құралдарының болашағына немқұрайлы қарамайтын жандарға есік ашық.