Бакуде Әзербайжан-Қазақстан жастар форумы өтті

Бакуде Әзербайжан-Қазақстан жастар форумы өтті

2018 жылғы 21-22 қарашада ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова бастаған қазақстандық делегация Баку қаласында өткен Әзербайжан-Қазақстан жастар форумына қатысты.

Форумның басты месседжі жастар саясатын, жастар кәсіпкерлігін дамыту және жастар бастамаларын қолдау саласында тәжірибе алмасу болды.

Форумның ашылу салтанатында Әзербайжан Республикасы Жастар және спорт министрінің орынбасары Интигам Бабаев өзінің құттықтау сөзінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен кеңейтудің маңыздылығын атап өте келе "Бүгінгі жастар форумы өз жалғасын табады" – деп қорытындылады.

Өз кезегінде вице-министр Жұлдыз Омарбекова өз сөзінде аталған шараның екі мемлекет үшін маңыздылығын атап өтіп, форумға қатысушыларды Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

"Қазақстан үшін Әзербайжан стратегиялық серіктес қана емес, ең алдымен, Ұлы Каспий теңізі арқылы шектесетін бауырлас мемлекет. Бұған жыл сайын өтетін Әзербайжан және Қазақстан жастар форумы дәлел", – деді Ж. Омарбекова.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастарға, оның мұқтаждықтары мен қамқорлықтарына, еліміздің болашағына ерекше көңіл бөледі. Осы тұрғыда вице-министр іс-шараға қатысушыларды
2019 жылды Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланғандығы туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласының негізгі міндеттері мен бағыттарын талқылады. Екі ел жастарының өкілдері Елбасының бастамасын толығымен қолдап, жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамытудағы тарихи аспектінің маңыздылығын атап өтті.

Форумның "алаңдарында" табысты мақсатты жобалардың, атап айтқанда стартаптар, жастар кәсіпкерлігі және т. б. тұсаукесерлері өтті.

Сонымен қатар, форумға қатысушылар Әзербайжан жастар қорына барды.

Жастар форумы 2017 жылдан бастап жыл сайын өткізілетінін естеріңізге саламыз. Келесі форум 2019 жылы Қазақстанда өтеді.

Қазақстандық делегация құрамында жастар саясаты мәселелері жөніндегі өңірлік басқарма басшылары, үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері және жас кәсіпкерлер болды.