
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі қайырымдылық және донорлық туралы заң жобасын әзірлейді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форум барысында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев мәлімдеді.
Азаматтық форум шеңберінде «Қазақстан азаматтық қоғамының тұрақты дамуы үшін мемлекет және халықаралық донорлар серіктестігі» атты конференция өтті, іс-шара барысында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев азаматтық қоғамның дамуы туралы өзінің ойымен бөлісті.
«Бүгінде Министрлік Үкіметтің тапсырмасы бойынша қайырымдылық және донорлық туралы заң жобасын әзірледі. Басты мақсат - ерікті қоғамдық қайырымдылықтың кедергілерін жою болып табылады. Бұл қоғамдық және азаматтық мәдениеттің бөлігі болады», - деді министр өз сөзінде.
Министр Қазақстан шетелдік донорлық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін атап өтті.
«Бірлескен гранттар мен жалпы мақсаттарды қалыптастыруға және жүзеге асыруға бағытталған жобаларды құрастыру үшін бізге мемлекет деңгейінде, донорлар мен қазақстандық бизнесте үш жақты өзара іс-қимыл қажет. Біз халықаралық және шетелдік донорлық ұйымдармен азаматтық қоғам институттарын қолдау тұрғысынан жаңа келісім жасауды ұсынамыз», - деді Д.Кәлетаев.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбында Қазақстанның VIII Азаматтық форумы өтуде. Іс-шараның мақсаты азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамытуды ынталандыру болып табылады.
