Бүгін жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі аяқталды

Бүгін жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі аяқталды

Бурабайда 4 күнге ұласқан жиын жас мамандардың біліктілігін арттырып, заманауи талаптарға сай мамандар пулын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жазғы мектепте қатысушылар медиа және коммуникация мамандарының дәрісін тыңдап, олармен пікір алмасты.
Сонымен қатар студенттер теориялық білімдерін жетілдіріп, түрлі симуляциялық тапсырмалармен ұштастырып тәжірибе жинады.

Шараның жабылу рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

Ол жазғы мектептің болашақта қатысушылар үшін үлкен трамплин болатынына тілектестік білдіріп, қазіргі уақытта заманауи технологияларды меңгерудің маңызына тоқталды.

«Ақпараттық технологиялар әсірінен әлем күрт өзгеріп жатыр. Кейінгі 20 жыл ішінде коммуникациялық ландшафт, қоғамдық процестер мен экономикалық қатынастар терең трансформацияға түсті. Осындай контекстіде журналист болуға, медиа маман болуға деген талаптар да өзгеріп келеді. Жаңа қабілеттер мен дағдылар, жаңа білім мен технологиялық шешімдер барлық сала мамандарының, өз өмірін осы салаға толықтай арнайтын кез келген жас өреннің арсеналында болуға тиіс», - деді министр.

Еске салайық, жазғы мектеп барысында қатысушыларға Maqsut Narikbayev University-нің Adjunct Assistant профессоры, PhD Алма Сайлауқызы, режиссер, киносценарист Мұрат Есжан, университеттің оқытушысы Жолдас Өрісбай, кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов және «Media 24» компаниясының бас директоры Марғұлан Ақан дәріс оқып, уоркшоп өткізді.

Жазғы мектепке жолдама алған 50 жас маман өздерін практика жағынан шыңдап, контент дайындап, кәсіби журналистермен тәжірибе алмасты.

Жиынның соңында қатысушыларға сертификат табысталды. Сондай-ақ өздерін жақсы қырынан көрсете білген үздік 10 қатысушы 24 шілде мен 24 тамыз аралығында өтетін медиа және коммуникация саласының студенттері мен магистранттарына арналған тағылымдамаға жолдама алды.

Айта кетейік, шараның ұйымдастырушылары: ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы.