Баспасөз хатшысы - ашық қоғамның алтын арқауы

Баспасөз хатшысы - ашық қоғамның алтын арқауы

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баспасөз хатшыларының негізгі міндеті мемлекеттік орган мен жұртшылықтың арасын байланыстыру екенін айтты.

"Баспасөз хатшыларының міндеті өз басшысын қорғау емес, керісінше оларды халыққа жақындастыру, ортаны байланыстыратын көпір болу және коммуникацияның орнауына жәрдемдесу екені белгілі. Әркім өз мекемесі мен өз басшысы үшін ғана емес, тұтас мемлекеттік ақпараттық ашықтығына, қауіпсіздігіне қызмет жасау керек. Бұл ретте мемлекет мүддесі, қоғамның сұранысы бәрінен жоғары екенін ұмытпаған жөн", - деді Д.Қыдырәлі.

Министр атап өткендей, жақында ғана Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ашылған Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында MediaLab орталығының мақсатының бірі – коммуникация саласының мамандарының біліктілігін арттыру. Бүгінгі семинар сол MediaLab орталығының алғашқы жобасы.

Екі күндік семинарда белгілі журналистер мен коммуникация мамандары баспасөз қызметін жетілдіру, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнату, спичрайтинг, пресс-стратегия құру және мәтінмен жұмыс істеу, имидж қалыптастыру секілді  салалар бойынша тренингтер мен мастер-класстар өткізеді.

Жиынның ашылу салтанатына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысты.

@Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі