Мемлекеттік қызметшілер біліктіліктерін арттырды

Мемлекеттік қызметшілер біліктіліктерін арттырды
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Астана мемлекеттік қызмет хабы «Мемлекеттік органдар үшін басты мәселелердің бірі: ашық деректердің қажеттілігі және оның пайдасы» атты тақырыбында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша тренинг ұйымдастырды.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері шетелдік мамандармен мемлекеттік басқару органдары үшін ашық деректердің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын талқылады. Канаданың, Еуропалық Одақтың және Эстонияның стратегиялары мен құқықтық модельдері, Қазақстанның ашық деректер порталының ағымдағы жағдайы (https://data.egov.kz/) және оның одан әрі дамуы қаралды.
Хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өз сөзінде цифрлық экономикаға көшудің негізгі элементі ретінде ашық деректердің маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде АҚДМ вице-министрі Данияр Қадыров ашық деректер саясаты ашықтықты арттыруда және азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын кеңейтуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Данияр Қадыров: «Біздің басты міндетіміз - халық, бизнес және ғылыми-зерттеу қоғамдастықтары тарапынан мемлекеттік ашық деректерге сұранысты арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді сапалы ашық деректерді және ең бастысы мерзімінде орналастыруға ынталандыру».
Естеріңізге сала кетейік, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңына және «Ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын мемлекеттік органдардың ашық деректерінің бірыңғай тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 28 қазандағы № 774 қаулысына сәйкес мемлекеттік органдар ашық деректерді орналастыруға және жаңартуға міндетті.