Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы өтті

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай Шымкент қаласында 10-16 жас аралығындағы денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар мен шығармашылық ұжымдарына арналған түрлі жанрдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері, меценаттар, демеушілер, қайырымдылық ұйымдары мен қорлары қатысты.
Форум аясында «Балаларды әлеуметтендіру» тақырыбында дөңгелек үстел, экскурсия, шебер-сыныптар ұйымдастырылды. Шара модераторы, «Ұлттық Дельфий комитеті» корпоративтік қорының төрайымы Қ. Түсіпбекова өз сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі маңызды бағыттарды қолға алып, ілгерлету бағытында жұмыс істеп жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл форум арқылы мүмкіндігі шектеулі балалармен осы бағытта жұмыс жасалса, олардың мүмкіндіктері жоғары деңгейге жете алатындығын көрсете аламыз» - деді.
«Бейнелеу өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер», «Актерлік шеберлік», «Робототехника» бағыттары бойынша балаларға арналған арнайы шеберлік сыныптарын жоғары білікті мамандар жүргізді. Форумның қорытындысы бойынша қатысушыларға сыйлықтар табысталды.