Түркі Мемлекеттері Ұйымының жастары Ыстанбұлда бас қосты

Түркі Мемлекеттері Ұйымының жастары Ыстанбұлда бас қосты
Қазақстан жастарының делегациясы Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы жастарының бірінші көпжақты алмасу бағдарламасына қатысып жатыр.
Делегация құрамына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Президенттік Жастар кадрлық резервінің өкілдері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, өңірлердің жас белсенділері кірді.
Сонымен қатар бағдарламаға Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері қатысады.
Жоба Түркі Мемлекеттерінің Ұйымына мүше елдердің белсенді жастарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Қазақстандық делегация мүшелері «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Дарын», «Болашақ», басқа да білім беру гранттары, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту», «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» сияқты талантты және бастамашыл жастарды қолдау жобаларын іске асыру тәжірибесі туралы айтады.
Сонымен қатар делегация мүшелері Түркия университеттері мен жастар орталықтарының қызметімен танысады, жастармен жұмыс саласында тәжірибе алмасу бойынша көпжақты кездесулер өткізеді.