Мемлекет басшысы Волонтер жылын жариялады

Мемлекет басшысы Волонтер жылын жариялады

Бүгін ЭКСПО павильондарының бірінде Мемлекет басшысының қатысуымен Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан 500-ге жуық жастар өкілдері қатысты.

2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының бастамасымен Жастар жылы деп жарияланды. Үкімет оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдады. Жол картасы жастарды қол жетімді баспанамен қамту, сапалы білім беру, жұмыспен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасын қолдау және т.б. шараларды қамтыды.

Бұл жобалардың нәтижелерімен Президентті бүгінгі іс-шарада жас қазақстандықтардың өздері таныстырды.

Белсенді жастар өкілдері Мемлекет басшысына өздерінің жетістіктері туралы айтып берді, жасалып жатқан мүмкіндіктер үшін алғыс білдірді және жастар саясатын одан әрі жүзеге асыру туралы ойларымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақыт ішінде бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылғанын, алайда жеткен жетістікте тоқтап қалмау керектігін атап өтті. Ол жастар саясаты бойынша жаңа кешенді бағдарлама әзірлеп, студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көбейтуді тапсырды.

«Бірыңғай бағдарлама жас ұрпақтың көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталатын болады. Ең бастысы, оның тетіктері біздің жас азаматтарымыз үшін қарапайым және түсінікті болуы керек. Әркім Қазақстанда жеке және кәсіби өсу, жұмысқа орналасу немесе баспана сатып алу үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін білуі керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы волонтерлықты тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен бірге әр қала мен ауылда дамыту қажет екеніне баса назар аударды.

«Келесі жылды мен Волонтер жылы деп жарияладым. Бұл туралы бүгін айтылды. Шындығында, Жастар жылы өзінің дамуын жалғастыруда. Волонтер жылы баршамызға, әсірсе жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сіздерді осы игі бастамаға белсенді атсалысуға шақырамын. Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Дана қалқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. оның волонтерлікпен үндесетіндігі сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жастар мен волонтерлық қозғалыстың өкілдерін мемлекеттік марапаттармен және алғыс хаттармен марапаттады.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Нұр Отан» партиясының «JasOtan» ЖҚ төрағасы Дәулет Кәрібек және «Ұлттық волонтерлық желісінің» төрағасы Вера Ким марапатталды.

ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ әлеуметтік жобалар үйлестірушісі Гауһар Жұмағазиева, «Qyzylqaiynagro» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің Басқарушы директоры Мақсат Кенешев, «Теміртаулық Жастар клубы» ҚБ Атқарушы директоры Алена Хегай, «Самал» ОО, психолог, сынып жетекшісінің көмекшісі Алишер Бекжан, блогер-журналист Бижан Сәдібек марапатталды.