Қазақстан Дінтанушыларының IX форумы қалай өтті

Қазақстан Дінтанушыларының IX форумы қалай өтті

Ағымдағы жылдың 6 қарашасында «Қазмедиа» орталығының мәжіліс залында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Қазақстан дінтанушыларының тоғызыншы форумы өтті. Форумның модераторы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов болды.

Елдің барлық аймақтарынан форумға қатысу үшін дін саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дінтанушылар мен теологтар, еліміздің жоғарғы оқу орындарының дінтану факультеттерінің оқытушылары мен студенттері келді.

«Бұл шараға  отандық ғылыми-сарапшылар қауымдастығы,  үкіметтік емес ұйымдардың  және діни бірлестік өкілдерінің  жыл сайын белсенді қатысуы  ізгі дәстүрге айналып келе жатыр.

 Дінтанушылар форумы  осы жылдар аралығында мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың  өзекті мәселелерін талқылайтын  ықпалды диалогтық алаңға айналды.

Бүгінгі Форумда талқыланатын тақырыптар да,  сіздердің пікірлеріңіз де өте маңызды.  Өйткені  бұл жиын  ең алдымен,  еліміздегі азаматтық қоғамның  діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы  рөлін нығайтуға бағытталған», - деді министр Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде оң үрдіс байқалуда - деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары азайып келеді. Министр бұған үкіметтік емес ұйымдармен және оңалту орталықтарымен ынтымақтастық нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.

Форумға қатысушылар діни саланы реттеу процесінде туындайтын негізгі мәселелерді: мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмысын қалай тиімді жүргізу, интернет кеңістігінде радикалды идеологияға қарсы тұру және деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан зардап шеккен адамдарды оңалту үшін ненің қажет екенін талқылады.

Үш секциялық отырыс барысында осы бағыттар бойынша жұмысқа тікелей тартылған мамандар сөз сөйледі: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасарлары Бауыржан Бакиров және Әнуар Хатиев, «Қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығы» ҚБ атқарушы директоры Толғанай Мустафина, «Парасат» консультациялық-әдістемелік орталығы» мекемесінің атқарушы директоры Индира Беркимбаева, «Kazdream» компаниясының «Аналитикалық интернет-картасы» жобасының менеджері Алишер Бекташ, «Казислам» интернет-порталының бас редакторы Саясат Кабдрахманов, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ директорының орынбасары Ернар Маусумбеков, «Нұр-Мүбарак» университетінің аға оқытушысы Серік Таджібаев.

Форумға қатысушылар діни сенім бостандығын, рухани прогресті қамтамасыз етуге, елдегі азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған діни саясатты дамытудың бағыттарын реттейтін негізгі құжат болып табылатын дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін талқылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның діни палитрасын 18 конфессияны білдіретін 3770 діни бірлестік құрайды. Еліміздің Конституциясы мен заңнамалық актілерінде бекітілген құқықтар мен кепілдіктердің арқасында барлық конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді.

Дінтанушылар форумынан басқа, діни бірлестіктер өкілдерімен және діни саладағы мамандармен диалог Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес, діни бірлестіктер көшбасшыларының жиналысы, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі сияқты алаңдар арқылы жүзеге асырылады.