
2019 жылдың 4 қарашасында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Жастар жылының орындалуы мен алдағы Волонтер жылына қатысты жоспарлар талқыланды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Волонтер жылынан күтетін нәтижелер мен негізгі бастамалар туралы баяндады. Ол Жастар жылының мақсаты өзін-өзі тану, табысты даму және осы санаттағы азаматтардың әл-ауқатын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер құру екенін атап өтті.
«Бұл жерде ескеретін мәселе – ауқымы мен маңызы бойынша Жастар жылын тек 12 айға есептелген іс-шаралардың күнтізбелік жоспары деп қарастыруға болмайды. Жастар саясаты саласындағы Үкімет жүзеге асыратын кешенді бастамалар жүйелі, ең бастысы, ұзақ мерзімді әлеуметтік нәтиже тудыруы тиіс. Негізгі іс-шаралар 3 жылға есептелген, ал мемлекеттік қолдаудың ең тиімді шаралары мемлекеттік жастар саясатының он жылдық Тұжырымдамасына кіреді», - деді министр.
Оның ақпараты бойынша, бүгінде Қазақстанда үш миллион сегіз жүз мыңнан астам жастар бар. Бұл жалпы халық санының 21 пайызы.
Министр мемлекеттік қолдау шараларын шартты түрде екіге бөліп қарастырады: олар – дәстүрлі бағыттар бойынша іске асырылатын жалпы шаралар және Жастар жылына орайластырылған жаңа бастамаларды қамтитын арнайы шаралар. Жалпы шаралармен 2 миллионнан астам оқитын және жұмыс істейтін жастар қамтылған. Бұл – жоғары білім алу үшін гранттар, стипендиялар, тегін жатақханалар және т.б.
Арнайы шаралармен 722 мың адам немесе елдегі әрбір бесінші жас қамтылған.
Жастар жылы аясында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын жүйелендіру үшін Үкімет Жол картасын қабылдады. Құжатта 89 тармақ бар, олардың әрқайсысы жастар үшін өмірлік маңызы бар мәселелерді қозғайды: тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, білім беру, жас отбасын қолдау және әлеуметтік белсенділікті дамыту.
Бүгінгі күні 13 пункт толығымен аяқталды. Бұл нақты іс-шаралар өткізуді көздейтін шаралар. Қалған 76 пункт іске асырылуда. Мысалы, «Жас кәсіпкер» жобасы 3 жылға есептелген және тек 2021 жылы аяқталады.
Бұл ретте, бірнеше жобаның орындалмау қаупі бар. Оның басты себептері – орталықтағы және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдардың келісілмеген іс-әрекеттері, жекелеген министрліктерді қайта ұйымдастыру немесе жеткізушілердің жекелеген конкурстарға қатысуға қызығушылығының болмауы.
Сонымен бірге, Дәурен Абаев ең көп талқыланған шаралардың бірі - жастарға жалдамалы баспана беру мәселесі туралы айтты. 2019 жылы 3 000 пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге жалға берілетін болады. Болжанған жалдау ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал, тұрғын үй алаңы кемінде 40 шаршы метр құрайтын болады. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында пәтерлерге құжаттар қабылдау үрдісі басталып кетті. 3 жыл ішінде осындай 9 мың пәтер беріледі.
Келешекте жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеру жоспарлануда.
Жастар саясаты тиімділігінің негізгі параметрлерінің бірі – жастар жұмыссыздығы деңгейін төмендету. 2019 жылдың ІІ тоқсанында жастар жұмыссыздығы деңгейі 3,7 процентті немесе 81 мың адамды құрады.
Жұмыспен қамтылған жастар арасында, бұл 2 миллионнан астам адам, 77 проценті – жалдамалы қызметкерлер. Жастар жұмыссыздығымен байланысты проблемаларды шешу үшін «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қоса алғанда, бірқатар бағдарламалық шаралар көзделген.
Білім және ғылым министрлігінің «Жас маман» жобасы 210 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтиды. Жобада 200 жаңғыртылған оқу орындарының базасында аса сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік мамандық бойынша мамандар даярлау қарастырылған. Бұл заманауи оқу жабдықтармен жарақталған 180 колледж және 20 жоғары оқу орны.
Бұл жобаны тиімді жүзеге асыру еңбек нарығын теңдестіруге, жастар жұмыссыздығын, шетелдік жұмыс күшін жалдауды, сондай-ақ, қазақстандықтардың ресейлік жоғары оқу орындарына кетуін қысқартуға мүмкіндік береді деп болжануда.
Қазақстандағы әлеуметтік лифтілердің тиімділігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі – бұл «Жастар тәжірибесі» жобасы.
Ол жұмыс іздеуші жастарға қажетті тәжірибе алуға және әлеуетті жұмыс берушімен байланыс орнатуға көмектеседі.
Жобаның механизмі өте қарапайым: бітіруші еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеледі, ал жұмыспен қамту бөлімдері оларды нақты бейіндегі мамандар қажет ететін компаниялар мен мемлекеттік органдармен байланыстырады. Мұндай тәжірибеден өтушіге бюджет есебінен 6 ай бойына 60 мың теңгеден астам мөлшерде қаражат төленеді.
2019-2021 жылдарға жобаға қатысушылар санын 30 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Посткеңестік аумақта бұл теңдесі жоқ жоба, бұған ұқсас тәжірибе тек Еуроодақ елдерінде бар.
Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мамандарға берілетін біржолғы жәрдемақы көлемі 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды (252 мың теңге). Бұдан басқа, 3 миллион жеті жүз мың теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер беру қарастырылған.