Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Нұр-Сұлтанда Қоғамдық кеңес Төралқасының Төрағасы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының профессоры Төлеутай Сүлейменовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында ақпарат туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, Еріктілер жылын өткізудегі негізгі бағыттар, репатрианттарға мемлекеттік қызмет көрсетудегі бизнес-процестерді оңтайландыру үдерісі, сондай-ақ «Бақытты отбасы» отбасылық соттар жанындағы Отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарының қызметі талқыланды.

БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің Директоры Бахнияз Қарашина өз сөзінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын ұсынды. Оның айтуынша, ұсынылған шаралар саланың дамуына, бірыңғай мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыруға және медиа-контентті өндіруге жағымды  әсер етеді.

Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова Еріктілер жылына арналған Іс-шаралар жоспарының жобасымен таныстырды. Онда негізгі 7 бағыттың іске асырылуы қарастырылған. Атап айтқанда, волонтерлық қызмет үшін қолайлы ортаны құруға, тиісті инфрақұрылымды дамытуға, азаматтардың еріктілікке қатысуын кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыру ұсынылады.

Мадияр Қожахмет, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы «Бақытты Отбасы» отбасылық соттарында Отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарының қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндады. Бұл жобаның мақсаты ажырасуға бел байлаған ерлі-зайыптыларға психологиялық, консультациялық және басқа да көмек көрсету арқылы отбасы институтын нығайту болып табылады. Бқдан басқа, жоба ажырасу рәсімдерін азайтуға бағытталған.

Этносаралық қатынастарды дамыту департаменті Директорының орынбасары Еркін Үйсімбаев өз баяндамасында елге оралған қандастарға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі бизнес-процестерді оңтайландыруға назар аударды. Ол реттеуді, техникалық іске асыруды және оңтайландырылған процесті іске қосуды қамтамасыз ететін нақты шараларды қарастыратын тиісті Жол картасының жобасын ұсынды.

Баяндамалашыларды тыңдағаннан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған бастамалар бойынша ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

Айта кету керек, Қоғамдық кеңестің мақсаты - Министрлік пен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнату, сонымен бірге қоғамның маңызды шешімдерді талқылау мен олардың қабылдануына қатысуын қамтамасыз ету. Қоғамдық кеңестің құрамына медиа саланың, үкіметтік емес сектордың өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері кіреді.