
2019 жылғы 27 қыркүйекте «Думан» қонақ үй конференц-залында «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға иммунитетті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
Конференцияның мақсаты – жастар ортасындағы радикалдану мәселелеріне қоғам мен әйелдердің назарын аудару, осы үрдістерге ықпал ететін жағдайлар мен факторларды жою бойынша шаралар әзірлеу.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілханов құттықтау сөзбен ашып, дін саласында орын алып жатқан құбылыстардан туындайтын қауіп-қатерлер бізден сәйкесінше әрекет етуді және тиісті шараларды қабылдауды талап ететіндігін атап өтті.
Біздің басты құндылығымыз – елдегі тұрақтылық пен бейбіт өмір – бұл діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы азаматтық қоғам институттарымен бірлескен нәтижелі жұмысымыздың мызғымас іргетасы болып табылады.
Жалпы конференцияға 90-нан астам адам қатысты. Олардың ішінде мүдделі мемлекеттік органдар, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғалармен алдын алу және оңалту саласында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдарының және жоғары оқу орындарының өкілдері және т.б. болды.
Конференцияның барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, қоғам қайраткері Асылы Әлиқызы Осман, сондай-ақ діни бірлестіктердің өкілдері – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшысы Алтынбек Ұтысханұлы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Қасиетті-Успен кафедралды соборының иерейі Виктор Дрожников құттықтау сөздерін айтты.
Конференция кезінде әйелдер ұйымдары тарапынан жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және деструктивті діни ағымдарға тартылу себептері мен механизмдері қарастырылып, үкіметтік емес әйелдер ұйымдарының радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы ролі аясындағы мәселелер қозғалды.
Оңалту және кеңес беру орталықтарының өкілдері діни саладағы алдын алу жұмыстарындағы нақты іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы, конференция конструктивтік рухта өтіп, түрлі қоғамдық институттар өкілдері халық арасында, оның ішінде әсіресе жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуына бағытталған жұмыстарды жақсарту бойынша өздерінің ұсыныстарын жеткізді және өз тәжірибелерімен бөлісті.