Мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары әлеуметтік желілермен жұмыс істеу бойынша оқытудан өтті

Мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары әлеуметтік желілермен жұмыс істеу бойынша оқытудан өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орталық мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының қатысуымен «Әлеуметтік желілер – мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара іс-қимылы үшін тиімді платформа» тақырыбында семинар өтті.
Бұл шараның өзектілігі бүгінгі таңда әлеуметтік желілердің билік пен қоғамның қарым-қатынасы процесінде атқаратын маңызды рөлімен байланысты.
Іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Астана мемлекеттік қызмет хабы ұйымдастырды. Тренерлер ретінде Грузияның тәжірибелі сарапшылары тартылды.
Семинарда Хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов пен ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Искаковтың алғы сөз сөйледі.
А. Байменов «Әлеуметтік желілер - үкіметтен бір тиын сұрамайтын қоғаммен байланыс құралы», - деп атап өтті. «Шешімдерді ұғынықты тілде бұқараға жеткізу – сенім қалыптастырудың бір тағаны. Бұл өз кезегінде келесі батыл да уақытылы шешімдерге арқау болады. Сондықтан да қазір баспасөз хатшыларының тиісті шешімдерді халыққа жеткізуде әлеуметтік желілерді шебер пайдалануы қажет», - деді А. Байменов.
Қ. Искаков мемлекеттік органдар халықпен жедел қарым-қатынас үшін әлеуметтік желілерде белсенділік танытуға, және Президенттің 2022 жылғы 7 сәуірдегі «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес басшылардың кездесулері барлық платформаларда кеңінен жариялануы тиіс екенін атап өтті.
Семинардың бірінші күні баспасөз қызметінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді қолданудың түрлі тәжірибелерін, коммуникация түрлерін, контент жасау құралдарын зерттеді. Екінші күні сарапшылар контентті жақсарту және аудиторияны тарту бойынша ұсыныстар берді.
Өз кезегінде қатысушылар өткізілген іс-шараның маңыздылығы мен практикалық пайдасын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.